ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТАМЫЗДА АЯҚТАЛАДЫ

56
0
Бүгінде қала аумағында бірқатар өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде. Соның бірі — Әкімшілік іскерлік орталығынан бой көтеруде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысымен танысып, сапасын қадағалады.
Жоспарға сәйкес, орталық әкімшілік және депо ғимараттарынан тұрады. Нысанның құрылысы биыл тамыз айында аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Қазір монтаждау және ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары мен абаттандыру құрылысы 80 пайызға аяқталған. Құрылыс алаңына 80 жұмысшы, 8 техника жұмылдырылған. Аралау барысында қала әкімі жауаптыларға ғимараттың тиісті талаптарға сай жабдықталуын бақылауды, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, Тұран шағын ауданында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы кешенінің және Қайнар-бұлақ саяжайында жедел-құтқару жасағының құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Ал 2025 жылы Солтүстік-Саяжай тұрғын алабында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы кешені салынатын болады. Бұдан бөлек, 4 автомобильге арналған депо Түркістан көшесі бойында салынуда. Соңғы үлгіде жабдықталатын ғимаратта қызметкерлер кабинеттерінен бөлек акт залы, қоймалар, оқу сыныбы, мұрағат пен асхана қамтылған. Жоспарға сай нысан биыл мамыр айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Қаладағы №3 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары өз қызметін 70 жыл бұрын салынған ғимаратта атқарып келген. 2020 жылдың сәуір айында сарапшылар қорытынды жасаған еді – Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №3 өрт сөндіру бөлімінің архитектуралық құрылысы бұзылатынын мәлімдеген. Бұл ғимараттың 1938 жылдан басталатын үлкен тарихы бар. Дәл сол кезде учаске бөлінген болатын. Содан кейін мұнда тәуелсіз әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі пайда болды. 80-ші жылдары бұл қаланың өртке қарсы қызметінің орталық пункті болды. Бүгінде №3 өрт сөндіру бөлімінде 62 қызметкер қызмет атқарады. Тозығы жеткен ескі сәулет ғимараты қала тұрғындарына жақсы қызмет етті. Бұл өрт сөндіру бөлімі қаланың орталық бөлігін қорғауға ыңғайлы. Сондықтан жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау кезінде бұл ерекшелік басты назарда болды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ең маңызды мәселелердің бірі – қалалық өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсартуы шешіліп келуде.