КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДЕ 16 ЛИФТ ЖОСПАРҒА САЙ АУЫСТЫРЫЛАДЫ
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 714 жолаушы лифті тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлерде – 568, денсаулық сақтау мекемелерінде – 55, білім мекемелерінде – 37, қоғамдық ғимараттарда – 54 лифт бар.
Тұрғындарға күнделікті тоқтаусыз қызмет көрсететін жолаушылар мен жүк тасымалдаушы лифтілерге уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Көппәтерлі үйде лифт қалай ауыстырылады және лифтінің тоқтаусыз қызмет көрсетілуі кімдердің қаражаты есебінен жүргізіледі? ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, лифтілер тұрғындардың ортақ мүлкі болып есептеледі. Сондықтан лифтінің бұзылуын алдын алу және жөндеу жұмыстарын жүргізу тұрғындардың міндеті болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1054 қаулысына сәйкес, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының «2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында лифт жабдығын жөндеу қайтарымдылығын қамтамасыз ету шартымен жүзеге асыра алады. Биыл тұрғындардың шешімі негізінде Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлерде 16 лифтті ауыстыру көзделген. Осы орайда лифт жабдықтарын ауыстырғысы келетін көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары жергілікті аудан әкімдіктеріне егжей-тегжейлі кеңес және көмек алуға жүгіне алады. Лифтілерге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына (24-75-07) хабарласуға болады. Айта кету керек, үшінші мегаполиске келетін туристердің қатарың өткен сайын қалыңдап барады. Өз кезегінде, туристер табан тірейтін қаланың сәулеті айрықша болуы керегі айтпаса да белгілі. Жасыратыны жоқ, Шымкентте күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттар баршылық. Бұл – Шымкентке ғана емес жалпы еліміздің өзге қалаларына да тән құбылыс. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да тоқталған еді. Нақтырағы «Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек. Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымының қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады» деген болатын. Бүгінде аталған олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкентте біраз шаруа атқарылып жатыр. Атап айтқанда, шаһарда тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу сәнге айналып келеді. Осыған дейін қаладағы бірқатар тұрғын үйдің сыртында ерекше муралдар көрініс тауып, тұрғындардың көңілінен шыққан.