ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

70
0
Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай елді мекені Шаштөбе көшесінде жаңа мектеп құрылысы 2022 жылы басталған. Әл-Фараби атындағы білім ордасы 900 балаға арналған. Бүгінде құрылысы қарқынды жүруде.
Жеке инвестордың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі – орын тапшылығы. Саланың өрге басуы үшін түйткілді түйіндер ағытылуы тиіс. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтқан болатын. Нақтырағы «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деп атап өткен болатын. Осы орайда, Шымкент қаласында ел Президенті атап айтқан пилоттық жоба аясында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады. Бұдан бөлек, орын тапшылығын шешу мақсатында оқу ғимараттарының жанынан қосымша корпустар та салынуда. Бүгінде мұндай жұмыстар үшінші мегаполистегі 7 білім ордасында жүргізілуде. Оның ішінде Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша 600 орындық оқу корпусы бой көтеруде. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта сынып бөлмелері, кітапхана, логопед кабинеті, спортзал, 220 орынға арналған асхана қарастырылған. Бұдан бөлек, №8 мамандандырылған гимназиясының да қосымша корпустарының құрылысы жүріп жатыр. 1100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320 орындық асхана құрылысы жобаланған.