АҚТАСТЫҚТАР ТАБИҒИ ГАЗДЫ ТАМЫЗДАН БАСТАП ТҰТЫНАДЫ

83
0
Шымкент қаласы Ақтас пен Ақтас-2 шағынауданын табиғи газбен қамту құрылысы өткен жылы аяқталған болатын. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының дерегінше, қос шағынауданға газ тарту құрылысы 2021 жылы басталған. Мердігер мекеме Ақтас шағынауданына 16,6 шақырым, Ақтас-2-ге 16,5 шақырым құбыр желісінің құрылысын жүргізді.
Қазіргі сәтте екі елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, Ақтаста 377 үй, Ақтас-2 шағынауданында 204 үй мемлекеттік жүйедегі газ желісіне қосылды. Бүгінде «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан жеке тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Тисті басқарма тамыз айында ақтастықтар толық табиғи газге қол жеткізетінін мәлімдеді. Айта кету керек, биыл қалада табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы 6 нысанда жүргізілуде. Газдандыру жұмыстары Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық шағынаударында атқарылуда. Бүгінде Солтүстік Саяжай елдімекеніне көгілдір газ берілді. Шағынауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Жалпы абонент саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары басталды.   Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданын толық газдандырып, Ынтымақ-2 елдімекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға жететін болады. Айта кету керек, Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде қалаға қарасты шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендер үлкен құрылыс алаңына айналған. Нақтырағы, сапалы ауыз су, көгілдір отын мен электр жарығы тартылып жатыр. Өткен жылы да қыруар іс тынған болатын. Биыл көрсеткіштер еселене түспек.