ҚАТЕРЛІ ІСІКПЕН ЕСЕПТЕГІ БАЛАЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТЕР БЕРІЛЕ БАСТАДЫ
Биылдан бастап Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде қатерлі ісік ауруы бойынша диспансерлік есепте тұратын балаларға әлеуметтік көмек төлене бастады. Дертке шалдыққан балалардың еміне жергілікті бюджет есебінен қосымша көмек ретінде ай сайын 5 АЕК, яғни17 250 теңгеден берілуде.
Сондай-ақ, елімізде күшіне енген әлеуметтік кодекс аясында жыл басынан бері табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама монетизацияланды. Әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткішті құрайтын 5 175 теңгеден берілуде. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Шымкентте мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген 10 800 отбасыға (54 675 адам) тағайындалған. АӘК жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. 2023 жылдың үшінші тоқсанына кедейшілік шегі 32 716 теңгені құрап отыр. Мемлекеттік қолдау табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Оларға ақшалай төлемнен бөлек, жұмыспен қамту , қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мен мемлекеттік қайтарымсыз грант түрінде әлеуметтік қолдаулар жүзеге асырылуда. Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина саласының маңызына айрықша тоқталған болатын. Өз сөзінде ел Президенті «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, нақты тапсырмалар да жүктеген. Аталған тапсырма аясында еліміздің барлық өңірінде тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асатын жұмыс көп. Үшінші мегаполистің әрбір шағынаудан мен тұрғын алабының өз емханасы болуы тиіс. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді. Нақтырағы «Адамдар қан талдамасын тапсыру үшін қаланың орталығына барады. Ал МРТ аппаратына түсу үшін қаланың басқа шетіндегі клиникаға барып, әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан біз әрбір тұрғын алап пен шағын ауданның өзінде емхана болуы тиіс деп есептейміз. Сол мақсатта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл жеке инвесторлардың есебінен 6 емхана салынады» деді шаһар басшысы.