ШЫМКЕНТТЕ 8,76 ШАҚЫРЫМ ІШКІ ОРАМ ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАЛАНУДА

74
0
Қыста халықты үздіксіз, сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қазір қала аумағындағы дербес қазандықтарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов бірқатар нысанды аралап, жылу маусымына дайындық шараларын пысықтады. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен «Қуатжылуортталық-3» мекемесі арасындағы келісім шартқа сәйкес қаладағы 16 нысанда жалпы ұзындығы 8,76 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу жүйелері ауыстырылуда.
Гагарин көшесінде жалпы ұзындығы 1500 метр құбырлар жаңартылуда. Осыған дейін мұнда 340 метр желі ауыстырылған. Ал 18 шағынаудандағы Ерімбетов — Рысқұлов көшелерінің қиылысында жалпы ұзындығы 808 метр құбырды демонтаждау жұмыстары атқарылуда. Аталған аумақтарда жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары өндірістік кестеге сай атқарылуда. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жылу жүйелеріндегі барлық ақаулықты ретке келтіріп, жылу маусымына дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауды тапсырды. Айта кету керек, жуырда қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті сала басшыларына жылу қазандықтарының, сорғы стансаларының дайындығын қадағалап, бюджеттік нысандардың қатты, сұйық отынға қажеттілігін нақтылауды тапсырды. Бұл кешенді шаралар қаладағы қолданыстағы жүйелерді жаңартып, жылу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы бақылауға алынып, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілетін болады. Айта кету керек, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама қабылдап, 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Биыл 126,3 шақырым желі мен 4 қосалқы станциясын жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне жұмыстары жүргізіген. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд теңге қажет.