ШЫМКЕНТ: ЕСІРТКІГЕ ҚАТЫСТЫ АНЫҚТАЛҒАН ҚЫЛМЫС САНЫ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 20%-ҒА АРТТЫ
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Досанов Жандос Есенжанұлы және Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары Сакенов Сабыржан Жарылқасынұлының қатысуымен қаладағы есірткі қылмыстарының алдын алу және онымен күресу төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлім болды.
«Шымкентте есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылдың 7 айында қаламызда есірткіге қатысты жалпы 330 қылмыс анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Атап айтқанда биыл есірткіні өткізу мақсатын көздемей заңсыз сақтаудың және тасымалдаудың – 250 фактісі (ҚК-тің 296-бабы), есірткіні сатудың – 54 фактісі (ҚК-тің 297-бабы), есірткіні жарнамалаудың – 1 фактісі (ҚК-тің 299-1-бабы), есірткіні заңсыз өсірудің – 25 фактісі (ҚК-тің 300-бабы) анықталды. Есірткі қылмыстарының анықталуының жоғарылағаны, осы санаттағы істердің сотқа жолдану көрсеткішінің де артуына алып келді. Ал есірткімен байланысты 259 іс сотқа жолданып өткен жылға қарағанда 17%-ға өсіп отыр», — деді Жандос Досанов. Есірткіні кәсіп көзіне айналдырып, қылмыстық қудалау органдарымен ұсталған адамдардың арасында осы жылдың 7 айында қылмыстарды жасағаны үшін 4 кәмелетке толмаған бала ұсталса, бұрын сотты болған – 47 адам, ал пробациялық қадағалауда жүрген — 7 адам құрықталды. Сонымен қатар алдын қылмыс жасамаған – 250 адам ұсталды. Бұрын сотты болмағандармен жасау өткен жылмен салыстырғанда жеті есеге артты. Оның ішінде 22 қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әйелдер анықталды. Ал қалғандарды ер адамдар. Есірткі қылмысын жасағандардың жас шамалары: 16-17 жас – 3, 18-20 – 23, 21-30 жас – 109, 30-39 жас – 102, 40-49 жас – 85, 50-59 – 26, 60-тан жоғары — 6. Бұл сандық көрсеткіштер – есірткіні жастардың соңғы кездері кәсіп көзіне айналдырып жатқаның дәлелі болып отыр.