ҚАЛА ӘКІМІ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА АРНАЛҒАН ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

66
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтады. Алдымен Қаратау ауданы аумағының тазалығына жауапты «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барған Мұрат Дүйсенбекұлы қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына арналған техникаларды арнайы шолып өтті.
Нақты айтсақ, қысқы маусымға қазір әр ауданнан 80-ге жуық техника әзір тұр. Сонымен қатар қала аумағындағы 5 аудан бойынша қар күреудің ситуациялық сызбасы әзірленген. Нысан басында қала әкімі тиісті басқарма мен мердігер мекемелердің басшыларына көктайғақтың алдын алатын шараларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әрі қарай техникалық базаны қосымша техникалармен күшейту, шұғыл қар күрейтін, құм шашатын көліктердің қызметі талапқа сай болу қажеттігін қатаң ескертіп өтті. Мұнан соң қала әкімі Абай ауданындағы «КазСтройКапитал» ЖШС-інің базасымен де танысты. Әр ауданға қойылатын талап ортақ. Ең бірінші қысқы техникалардың ауа-райының кез келген төтенше жағдайларына сақадай сай тұруы. Сондықтан дайындық жұмыстары әрі қарай да жалғасатын болады. Айта кету керек, қыста халықты үздіксіз, сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында қазір қала аумағындағы дербес қазандықтарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жуырда қала әкімі М.Әйтенов бірқатар нысанды аралап, жылу маусымына дайындық шараларын пысықтады. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен «Қуатжылуортталық-3» мекемесі арасындағы келісім шартқа сәйкес қаладағы 16 нысанда жалпы ұзындығы 8,76 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жылу жүйелері ауыстырылуда. Гагарин көшесінде жалпы ұзындығы 1500 метр құбырлар жаңартылуда. Осыған дейін мұнда 340 метр желі ауыстырылған. Ал 18 шағынаудандағы Ерімбетов — Рысқұлов көшелерінің қиылысында жалпы ұзындығы 808 метр құбырды демонтаждау жұмыстары атқарылуда. Аталған аумақтарда жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары өндірістік кестеге сай атқарылуда. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жылу жүйелеріндегі барлық ақаулықты ретке келтіріп, жылу маусымына дайындық жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауды тапсырды.