ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

121
0

Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов пен бірқатар мәслихат депутаттары Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Дәулеталин Сатыбалды Телағысұлымен кездесу өткізді. Аталған іс-шараға Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетов, Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Қалдыбекұлы Жұмаш, Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Әлтеев қатысты.

Кездесу барысында мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының ұсынысы бойынша ағымдағы жылғы маусым айында қала мәслихатының депутаттары мен кәсіподақ арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында «Еңбек» депутаттық тобы құрылғанын атап өтіп, оның мүшелерін таныстырды. Өз кезегінде сөз алған Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар федерациясының қызметі, атқарған жұмысы, алдағы жоспарлары туралы баяндап, ортақ мақсат – еңбек қатынастарын реттеуге бірлесе атсалысу екенін атап өтті. Сонымен қатар «Еңбек» депутаттық топ мүшелері ұйымдар мен мекемелерде дауларды болдырмау, олардың алдын алу мақсатында мониторинг жүргізу қажеттігі туралы ұсыныс жасады. Жиынды қорытындылай келе, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов оң шешімін тапқан еңбек дауларына талдау жасай отырып, дауларды шешу бойынша әдістемелік құрал әзірлеу бойынша ұсыныс жасап, еңбек адамы, халық игілігі үшін бірлесе отырып еңбек етуге шақырды. Айта кету керек, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаламыздағы 70 кәсіпорын қосылып отыр. Қалың оқырманның жадында болса, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген болатын. Бүгінгі күнге қаламыздың 18 кәсіпорны аталған жобаны енгізіп отырғанын айрықша айта кеткен жөн. Қазіргі таңда қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады.