ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ АЛТЫ КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан айтты. Жастар кадр резервіне іріктеу Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен бекітілген Ережеге сәйкес, 6 кезеңнен тұрады. Іріктеу қыркүйек-желтоқсан айларында кезең-кезеңімен өткізіледі.
Оның ішінде, 1 кезең – кандидаттардың құжаттарын қабылдау, 2 кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, 3 кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу, 4 кезең – құзыреттерді бағалау кезеңі, 5 кезең – Сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу және соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.
1. Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы сайтта онлайн режимде жүзеге асырылады.
Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.
Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
2. Екінші кезең, МӘТІНДІК ЖӘНЕ САНДЫҚ ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (1, 7 қазан).
Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.
Әрбір тестілеудің ұзақтығы — 25 минуттан аспайды (мәтіндік және сандық тесттер бойынша 25 сұрақтан), оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Өз кезегінде, тестілеу процесі АУДИО-БЕЙНЕ ФИКСАЦИЯМЕН өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету ПРОКТОРИНГ жүйесімен қадағаланатын болады.
3. Үшінші – СИТУАЦИЯЛЫҚ ТАПСЫРМАЛАРДЫ ШЕШУ КЕЗЕҢІ (10-13 қазан) үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған.
Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшыменбағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.
4. Төртінші кезең – ҚҰЗЫРЕТТЕРДІ БАҒАЛАУ КЕЗЕҢІ (19 қазаннан 29 қарашаға дейін өткізіледі).
Кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады.
АССЕССМЕНТ-ОРТАЛЫҚ (Бағалау орталығы) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді (көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, проактивтілік) анықтауға және бағалауға бағытталған.
Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.
ҚҰЗЫРЕТТЕР БОЙЫНША СҰХБАТ БЛОГЫ кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
5. Бесінші кезең – САРАПШЫЛЫҚ комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу.
Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді.
Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.
6. Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Ережеге сәйкес:
Резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды.
Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға,
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына,
«Б» корпусының басшылық лауазымдарына және
«Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.