ШЫМКЕНТ: 50-ДЕН АСТАМ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСПАҚ

69
0
Инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталуға таяп қалған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде. Соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті, сонымен қатар қалаға 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд. теңгеден 613 млрд.теңгеге жетті. Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім динамикасы бар.
Ағымдағы жылдың 5 айында инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқан. Айта кету керек, соңғы 5 жылда қала экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде 2022 жылдың 9 айында Шымкент экономикасына 327,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Ресми деректерге жүгінер болсақ, бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын – құрылыс саласы құрайды. Сарапшылар инвестиция көлемінің арту есебінен қала бюджеті де 4 есеге артқанын алға тартып отыр. Бюджет көлемі 582 миллиард теңгені құрап, оның ішінде өзіндік кірістер 83 миллиард теңгеден, 251 млрд.теңгеге дейін немесе 3 есе ұлғайған. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделген. Оны орындау бойынша нақты жоспар жасалыпты. Шымкентте 5 өндіріс аймағы құрылған. Оның ішінде 3 индустриалды, 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ бар.