ТІЛІМ — МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ
Жастар ресурстық орталығының ғимаратында Шымкент қаласы білім басқармасының «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» бөлімінің ұйымдастыруымен гуманитарлық пән мұғалімдері арасында «Тілім менің — мақтанышым!» тақырыбында фестиваль өтті.
Мақсаты — мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды насихаттау, тіл-татулықтың, халықты біріктірудің маңызды факторы екенін өскелең ұрпаққа ұғындыру және тілдер мерекесін қорытындылау. Фестивальға еңбек ардагерлері, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушылар қатысты. «Қай кезеңнің тарих беттерін ақтарсақ та, білім нәрімен сусындаған ұстаздарға деген құрмет ерекше екенін байқаймыз. Елімізде мемлекеттік тілдің кең қанат жаюына ұстаздардың үлесі жоғары екені баршамызға мәлім. Сіздерді Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерей тойы мен Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтаймын. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі қашанда биік болсын» — деді Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманбек Орынбеков. Іс-шара барысында басқарма, орталық басшылары тарапынан қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналуы мен мемлекеттік тілді насихаттау, құрметтеу және дамыту, этносаралық келісімді нығайту аясында құнды пікірлер ұсынылды. Сондай-ақ, фестиваль соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Айта кету керек, жуырда Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Орта Азиялық Инновациялық университетінің жастары арасында нашақорлық, маскүнемдік, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мен діни танымдығын арттыру мақсатында арнайы сала мамандарының қатысуымен кездесу өтті. Кездесуге Әл-Муслим мешітінің имамы «Solih» құран жаттау қайырымдылық мекемесінің директоры Байниязов Серғали, Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уалихан Самат қатысып, Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Бауыржан Карбеков, Психикалық денсаулық орталығының психиатор-наркологы Қорғанбаева Қарлығаш, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Алибаев Ерғали және спортшысы Панкратион спорт түрі бойынша әлем чемпионы Қуаныш Тимур, ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева қатысты. Кездесу барысында АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат беріліп, дін өкілдері деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары мен дін бағытындағы бірқатар ақпараттармен бөлісті.