БИЫЛДАН БАСТАП ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНДАҒЫ АЗАМАТТАРДЫ САНАТОРЛЫҚ-ЕМДЕУ 6 КҮННЕН 10 КҮНГЕ ҰЗАРТЫЛДЫ

80
0
Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету де қарастырылған. Биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылатын болады.
Жыл басынан бері «Денсаулық» профилакториясы, «Ақсу Жабағылы» шипа жайы, Тараздағы Айша бибі, Арыс шипажайы мен Ақсу-демі және Кәусар-бұлақ шипажайларына 3 726 адам жолдама алған. Жалпы, биыл 5280 зейнеткерді шипажайларда оңалту шараларымен қамту жоспарланып отыр. Қарттардың игілігі үшін қала аумағында қосымша «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылатын болады. Алдағы уақытта зейнеткерлердің шипажайларда емделуге кезекке тұруы автоматтандырылатын болады. Аталмыш мемлекеттік қызмет түрін geo-shym.kz/ порталына тіркеп, жыл соңына дейін пилоттық жоба негізінде іске қосу көзделуде. ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Айқын» газеттері мен «Ардақты ардагер» журналына 1-2 жартыжылдыққа тегін басылымдармен қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша ай сайын 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 АЕК яғни, 6900 теңгеден әлеуметтік көмек төленуде. 9 Мамыр Жеңіс күніне орай 3 ҰОС ардагеріне 360 АЕК (1 242 000) теңгеден және 2 мыңнан астам тыл еңбеккеріне 12 АЕК, (41 400) теңгеден әлеуметтік көмек төленді. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне ай сайын 5 АЕК (17 250) теңгеден берілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы қариялардың қала аумағында ұл-қыздары жоқ немесе балалары еңбекке жарамсыз. Сала мамандары қызмет алушыларға аптасына екі рет барып азық-түлік пен дәрі-дәрмектерін жеткізеді, әлеуметтік-психологиялық, медициналық және тұрмыстық қызмет түрлерін көрсетеді.