МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АЯСЫНДА 800-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ КӘСІПТІК БІЛІМ АЛУДА
Шымкент қаласында «Еңбек мобильділігі» орталығының ұйытқы болуымен 35 жұмыс беруші мекеме 800-ге жуық кәсіби маман даярлауда. Жұмыссыз азаматтар еңбек нарығында сұранысқа ие жиһаз құрастырушы, кең профильді шебер құрылысшы, электрик, дәнекер, токарь, шаштараз, маркетинг-мерчендайзер мамандықтарын тегін меңгеруде.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясындағы кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Мемлекеттік қолдау аясында бағдарлама қатысушыларына қосымша шәкіртақы мен бір реттік материалдық көмек төленеді. Оқу аяқталғаннан кейін бітірушілерге сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті. Айта кету керек, Шымкент қаласында экономика салаларын білікті мамандармен қамтамасыз ету, техникалық және кәсіптік білім беру бағытында кадрлар даярлауда іс-шаралар жоспары әзірленген. Қазіргі таңда қалада техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 34 961 студент білім алуда. Жалпы 10 сала, 75 мамандық, 166 біліктілік бойынша мамандар даярлау жолға қойылған. «Білімді ұлт» ұлттық жоспарына сәйкес, шаһарда 2022-2023 оқу жылына 16 466 шәкіртті қабылдау жоспарланып отыр: мемлекеттік тапсырыс бойынша 11 704 орын (70 пайыз), ақылы негізде 4 762 (30 пайыз) орын. Мемлекеттік тапсырыс аясында қажетті мамандықтар бойынша 9 сынып (8193) және 11 сынып бітірушілері (3 511) тегін оқумен қамтылады. Мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылдан 7 173 орынға артқан. Қалалық білім басқармасының салааралық іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта кадрлар даярлауға сұранысты қалыптастыру, дуалды оқыту жүйесін дамыту, қысқа мерзімді оқыту, бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру іс-шаралары жүргізілуде. 2022 жылы үшжақты келісімшарт негізінде (әкімдік, колледж, кәсіпорын) 15 кәсіпорын 11 мемлекеттік колледжді қамқорлыққа алды. Шымкент қаласындағы 30 колледж жанынан Индустриялдық кеңестер және 28 қамқоршылық кеңес (11 мемлекеттік, 17 жекеменшік колледждерде) құрылды. 8 колледжде 2520 студент (11,3 пайыз) дуалды оқытумен қамтылған. Дуалды оқытумен қамтылған студенттер санын 2025 жылға қарай 42 %-ға жеткізу жоспарда.