МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАР АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ ТИМБИЛДИНГ ӨТТІ

41
0
Шымкентте тимбилдинг форматында өткен жарысқа тірек-қимыл аппараты бұзылған, зағип және есту мүшелері зақымданған 70-ке жуық мүгедектігі бар азамат қатысты. Ойыншылар шахмат, шашка және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен жарысты. Әрқайсысының спортқа деген ынта-қызығушылығы орасан.
Қатысушылар арасында Шымкент қаласының нөмірі 19-шы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшылары да болды. Мақсат — ерекше жандардың белсенділігін арттырып, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Спорттық сайыс «Сізбен біз біргеміз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскербек Оспановтың бастамасымен өткізіліп отыр. Ұйымдастырушыға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы мен Шымкент қаласы спорт басқармасы қолдау білдірген. Жеке және командалық біріншіліктердегі жеңімпаздар медаль, кубоктар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Тимбилдинг барысында сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жарысқа қатысушылар «Түркістан сарайының» «Берік пен Гүлнар» дуэты және әнші Тәттімбет Керейдің өнерлерін тамашалады. Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласында 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы — 18 жасқа дейінгі балалар. Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады. «Бәріміз бірдейміз — ажырамас іргеміз» атты мерекелік іс-шараны  ұйымдастырушы  «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында ерекше жандарға үздіксіз көмек көрсетіліп, бағыт-бағдар беріледі. Жалпы Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қоларба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды. Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.