АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ БІРҚАТАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

79
0
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Жиында қала аумағындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамту шаралары мен осы бағыттағы мәселелердің шешімі қарастырылды. Сонымен қатар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру және жыл соңына дейін пәтер сатып алу жұмыстары пысықталды. Тоқтап тұрған құрылыс нысандары бойынша қабылданып жатқан шаралар да аппарат мәжілісінің күн тәртібінде қаралды.
Айта кетейік, биыл қала аумағында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджет есебінен 100 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Биылдан өтпелі 64 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын келесі жылы жалғастырып, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.
Жалпы, биыл қалада жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 405 пәтер сатып алуға қаржы қарастырылған. Осыған дейін жастарға 554, халықтың әлеуметтік осал топтарына 363 пәтер сатып алынған. Қалған 458-і жыл соңына дейін сатып алынады.
Қала аумағында соғылған ғимараттарды зерделеу барысында құрылысы толық аяқталмай, тоқтап тұрған 10 нысан анықталды. Олар қала көркіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындарға да қауіп төндіруде. Қазіргі таңда барлық ғимараттың меншік иелері анықталды. Тиісті басқармалар тарапынан нысандардың аумағын қоршау, құрылысты бұзу немесе әрі қарай пайдалану бойынша келіссөздер жүргізіледі.
Қала басшысы жауаптыларға тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарын жандандырып, халықтың қауіпсіздігін алдын алуда кешенді шараларды шұғыл түрде қолға алуды тапсырды.