ТҮРКІСТАНДА «ЯСАУИ ЖОЛЫ» ТАРИХИ ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ

347
0
Түркістанда түркістандық философ, ислам уағызшысы, сопылық ақын Қожа Ахмет Ясауи жайлы – «Ясауи жолы» тарихи драмасының премьерасы өтті. Қойылымды «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында Ахмет Ясауи университетінің 3-курс студенттері сахналады.
Елімізге танымал театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Асхат Маемиров ізгі ниетін білдіріп, жас әртістердің қадамына сәттілік тіледі. Қоюшы режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжанов. Қоюшы суретші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Сраилов. Авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Жұмат Жолтай.
Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтарының ортақ рухани діңгегі. Еңбектерін түркі тілінде жазып, түркілерге білім мен иманды, адамгершілік пен мейірімді өз тілдерінде уағыздаған ғұлама.
Ахметтің ауыр да азапты өмірін көрсеткен бұл драмада – әділеттілік пен зұлымдықты, білім мен надандықты, мейірім мен қатыгездікті күрестіре отырып, ұлы ойшылды тарихи тұлға еткен мінезі бейнеленеді. Сондай-ақ Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикметтің» жазылу тарихы, ақынның ауыр тағдыры және хан мен билердің әділетсіз шешімдерін өткір сынағаны көрсетілді. Қойылымда оның Ислам әлемін тек араб тілінде емес, түркі тілінде тануға болатынын дәлелдеген, өз ілімін үйретіп, шәкірт тәрбиелеген ұстаздық бейнесі тереңінен баяндалады.
Спектакльдің соңғы сахнасы: «Қасиетті Яссы топырағы – келешекте білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің рухани ордасына айналады. Мен осыған сенемін!» деген Ахмет Ясауидің асқақ арманын жеткізген сөздерімен аяқталды. Осы тұста баба арманының орындалғанына айқын дәлел – түркі жұртына ортақ білім шаңырағына жиылған көрермен қауым тік тұрып, қошеметін аямады.
Қойылым соңында жас актерлерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан ықылас гүлі табысталды. Көпшіліктің көзіне жас ұялатып, баба рухына тағы да тағзым етуіне сеп болған спектакльді көрермендер жоғары бағалады.