ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Шымкентте жол кептелісін шешу мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Бәйдібек би мен Арғынбеков көшесіндегі жолайрық. Үш деңгейлі нысанның құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Бұл, өз кезегінде аталған көшеде көлік кептелісін болдырмауға зор септігін тигізеді.
Нысан құрылысының кезеңдік кестелерге сәйкестігі мен сапасын тексеру мақсатында шаhар басшысы құрылыс нысанын көріп шықты. Керекті ескертулер жасап, ел игілігіне берілетін нысандағы жұмыстар сапасына деген жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті. Жолайрықтың техникалық сипаттамасына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 м., Арғынбеков көшесінде 921 м. көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелінің конструкциялары орнатылуда. Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың “Бәйдібек би” даңғылы бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Кейіннен тамыз айының 31 күні көлік кептелісін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша қайта ашылған болатын. Құрылыс жұмыстарын ыңғайластыра отырып, жоспар бойынша қазан айының 30-нан бастап Арғынбеков көшесі көлік қозғалысына ашылатын болады. Жоба толық аяқталса, көшедегі қалың кептелістің мәселесі біршама шешімін табады. Жалпы Шымкент қаласында көлік қозғалысын реттеу бойынша ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Мұның өзі қаладағы көлік ағынын азайтуға айрықша ықпал етпек. Күні бүгінге дейін бірнеше көше кеңейтілді.