173 ШАҚЫРЫМҒА СОЗЫЛҒАН ЖОЛ

193
0

Ұлық мереке – Құрбан айттың қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріповтың бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында, «Мәңгілік ел» идеясының жасампаздығын паш ету және алдағы айда өтетін Қазақстан судьялар одағының VІІ съезін насихаттауға арналған Шымкент-Түркістан қалаларының аралығындағы 173 шақырымды қамтитын велошеру өткізілді.

Сенбі күнгі бұл шеруге судьялар, депутаттар, «Нұр Отан» партиясының белсенділері қатысты. Команда сапында облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов, ОҚО прокуроры И.Иманов, «Нұр Отанның» Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов, ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Р.Бексейітов секілді танымал азаматтар болды. Шымкенттен аттанған 73 шеруге қатысушы азаматтар жол бойында 5 жерде аялдады. Төрткүл ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың сауалдарына жауаптар берді. Түркістан қаласындағы Есімхан алаңына белгіленген мәреге 52 азамат атбасын тіреді. Оларды түркістандық мыңдаған азаматтар қарсы алды. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған осы шеруге қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерінің қай деңгейде екендігін байқатты. Н. Шәріпов бастаған команда былтырғы жылы ҚР Конституциясының 20 жылдығына арнап, өткен жылы құрамындағы судьялар 40 шақырымдық велошеруді өткізіп, тарихи Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне дейін жол тартқан еді. Заң билігінің биігінде жүрген азаматтар осы бір игі дәстүрді алдағы уақытта да қалыпты дағдыға айналдырмақ ниетте.

Қ.ҚАЛИЕВ.