АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ҚАЙТА ӨҢДЕУДІ ДАМЫТУҒА 372 МЛРД ТЕҢГЕ БАҒЫТТАЛАДЫ

1025
0

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Құжат өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа нарықтарды ашуды, сондай-ақ қазақстандық өңдеушілерді қолдаудың қорғау шараларын қолдануды көздейді.

Атап айтқанда, шикізат мәселесін жүйелі шешу үшін СҚО-ның агроөнеркәсіптік кешендегі ірі индустриалды инвестициялық жобаларды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы іске асыру тәжірибесін молайту бойынша шаралар қабылдануда.

100 млрд теңгеге 65 сүт-тауар фермасын қаржыландыру жоспарлануда. Бұл жылына 372 мың тонна сүтті қосымша өндіруді қамтамасыз етеді.

«Бұл шаралар ауыл шаруашылығы саласында бұрын-соңды болмаған және жалғасын табады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап бағдарлама тағы да бірқатар саланы қамтитын болады. Енді СТФ, суару, көкөніс қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар тағы 8 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары да қаржыландырылатын болады», — деді Айдарбек Сапаров.

Шикізат құнын төмендету бойынша кешенді шаралар қабылданды.

Осылайша, өңдеуге арналған шикізат құнының 70%-ға дейінгі бөлігін жемге кететін шығын құрайды.

Олардың өзіндік құнын арзандату мақсатында өндірісті интенсификациялау, егін шаруашылығын әртараптандыру және суару шаралары жүзеге асырылуда.

Биыл алғаш рет егіс жұмыстарына жеңілдікпен несиелендіру көлемі 580 миллиард теңгені құрап, 9 миллион гектар алқапты немесе ауыл шаруашылығы дақылдарының 38 пайызын қамтуға мүмкіндік берді.

Мал азықтық дақылдардың егіс көлемі 3,4 миллион гектарға дейін ұлғайтылды, бұл 2023 жылғы деңгейден 314 мың гектарға артық. 2026 жылға қарай мал азықтық дақылдардың егіс көлемін 3,6 миллион гектарға жеткізу жоспарлануда.

«Өнімділікті арттырудың басты құралы – минералды тыңайтқыштарды қолдану. Мәселен, өткен жылы жыл бойына 670 мың тонна тыңайтқыш енгізілсе, биыл 1,5 миллион тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып, қазірдің өзінде 962,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды. Азық-түлік корпорациясы арқылы 235 мың тонна көлемінде жеңілдетілген бағамен шаруаларға сату үшін тұрақты жем-шөп қоры жасақталды. Бұл шаралар өңдеу өнеркәсібін жоғары сапалы, қолжетімді шикізатпен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Өнеркәсіптің технологиялық артта қалуын шешу, оның ішінде өнімді өткізу арналары қалыптасқан ірі жаһандық инвесторларды тарту арқылы да шаралар қарастырылған.

Министрлік мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. ЕАЭО, ТМД, Еуропалық Одақ, Моңғолия, Грузия, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да бірқатар елге қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді.

Тәжікстан, Бахрейн, Катар, Кувейт және Оманға мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады.

Қытай нарығын ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, соның нәтижесінде Қазақстанның барлық аумағынан құс еті мен ілеспе өнімдерді, еліміздің оңтүстік-шығыс аумағынан ашатұяқты жануарлар мен тиісті өнімдерді әкелуге енгізілген шектеулер алынып тасталды.

Қытайға тері, ішек-қарын өнімдеріне экспорттық нарықтарын ашу жөніндегі жұмыс жалғасуда.

Жалпы, Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға 5 жыл ішінде 372 миллиард теңгеден астам, оның ішінде инвестициялық мақсатқа 150 миллиард теңге, ағымдағы мақсаттарға 222 миллиард теңге бөлу жоспарлануда.

Жоспарды іске асыру тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға жақсы септігін тигізеді, қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттыруға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.