СТУДЕНТТЕРГЕ КӨКЕЙТЕСТІ ТҮЙТКІЛ ТУРАСЫНДА АҚПАРАТ БЕРІЛДІ

14
0

Елімізде еріктілердің көмегімен көптеген мәселелер шешімін тауып келе жатыр. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерді шешуге еріктілер тобы айрықша атсалысуда. Бұл ғана емес, соңғы уақытта әлеуметтік кеселдермен күресте де еріктілер тобы ерекше еңбегімен көзге түсіп келе жатыр. Соның бір жарқын мысалы ретінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын атап айтуға болады. Бұл бастаманың негізгі мақсаты — белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту. Бұл бастама өзінің нәтижесін беріп келе жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Бүгінде дәл осы еріктілер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша көптеген шаралар атқарылып жатыр. Бастама азаматтың қоғамның да орнауына ықпал етеді. Сондықтан еріктілер қатарын толықтырып отырудың маңызы айрықша.

Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Бір ғана биылдың өзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатын көздейтін кездесулер мектеп оқушыларымен, орта арнаулы оқу орындары және жоғары оқу орындарының студенттерімен өткізілді. Мұның өзі жастардың құқықтық сауатының артуына септігін тигізеді. Осы орайда, жуырда біз сөз еткен тақырып бойынша Түркістан қаласынан орын тепкен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жастарымен ұйымдастырылған болатын. Міне, дәл осы келелі кездесу барысында  университет ректоры Жанар Темірбекова Халықаралық білім ордасынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының ең алғашқы еріктісі өзі болатынын жеткізді. Ректор өскелең жас ұрпақтың тәрбиесіне адалдық пен парасаттылық қасиеттерін дәріптеу мақсатында өткен «Арманыңа адал бол!» кездесуде Департамент басшысы Мұрат Төлеубаевтың ұсынысына осылайша үн қатты. Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Амангелдіқызы айтулы шараның маңызына тоқталып, «Оқу ордамыздың жаңа оқу жылында алға қойған мақсаттарының бірі — адал азамат қалыптастыру, жемқорлықсыз қоғам құру үшін университет құрамы мен білімгерлермен біріге атсалысу болатын. Біз қазіргі таңда елдегі ең үлкен мәселе – сыбайлас жемқорлық екенін мойындауымыз керек. Сіздер мен біздер осы мәселенің шешілуіне қолдаушы болуымыз шарт. Себебі әділетті қоғам құрылса мемлекет дамуы қарқындайды» деді. Студенттермен кездесуде Мұрат Ахтанұлы Агенттік қызметіндегі негізгі жаңашылдықтар мен іске асырылып жатқан жобалар және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, жуырда ел аумағында енгізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының негізгі мақсаттарын атап өтіп, патриотты тұлға ретінде осы жобаға өз үлестерін қосуға шақырды. Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар беріліп, жастарға жеңістер мен жетістіктерге жету жолында, адал әрі, парасатты болудық маңызды екені айтылды.

Айта кетейік, білім саласының ел дамуындағы маңызы айрықша. Сондықтан әуелгілерден болып дәл осы саладағы жемқорлықты жоюдың маңызы айрықша. Өйткені жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттер санаулы жылдан кейін-ақ маман ретінде жұмысқа кіріседі. Міне, осындай жауапты сәтте жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасқан болса, ісін адал атқарып, мемлекеттің мүддесін ойлайтыны анық. Осы орайда, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының ерікті ретінде жұмыс істейтінін мәлімдеуінің өзі, университет жастарына айтылған үндеу болды десек те болғандай. Жасыратыны жоқ, білім саласында жемқорлық деректері жиі кездеседі. Мұны мемлекет басшысы да атап айтқан болатын. Дәлігері ел Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде «Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы  жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер  осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын» дей келе нақты тапсырмаларды жүктегені белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес. Қазіргі таңда жастар бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асып келеді.