ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС КӨП

216
0

Еліміздің экономикасы мықты болуы үшін өңірдегі қалалар мен аудандар гүлденуі қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып отырған жұмыстар көп. Мәселен, соңғы бірнеше жылда қалаға қарасты аудандардағы әлеуметтің өзекті мәселелері шешімін тауып келе жатыр. Тіпті, қазіргі күннің өзінде сапалы электр жарығы, ауыз су және көгілдір отынмен қамту ісі қарқын алған. Ал атқарылған жұмыстардың жай-жапсары қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тікелей бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Осы орайда, жуырда үшінші мегаполиске қарасты Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, бірқатар салаларда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Жалпы Әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 гектар болса, халық саны 234 857 адамды құрайды. Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда 928 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. 16 633 жеке үй, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш және 12 субұрқақ бар. Бұл туралы бүгін брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы баяндады. Аудан инфрақұрылымына келсек, ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100 пайызға қамтылған. Ал «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын, спорт алаңшаларын орнату үшін 1 миллиард 717 миллион 971 мың 510 теңге бөлінді.  «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде 66 балалар ойын және 4 спорт алаңшасы орнату жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңында абаттандыру деңгейі 78,3 пайызға жетіп, 2025-2026 жылдары 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына демалыс орындарын ұлғайту мақсатында 2024 жылы 3 гүлзар салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Әл-Фараби ауданында 390 көше бар, оның ішінде 124 көше немесе жалпы көшенің 31,8 пайызы жарықтандырылған. Ағымдағы жылы бюджеттен 118 көшені жарықтандыру жоспарланып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 62 пайызға жеткізу көзделуде. 2024 жылдың 4 мамырында қабылданған қалалық мәслихат шешімі бойынша, түнгі жарықшам бағаналарын орнату жұмыстарын Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізуде. Қазіргі уақытта 118 көшеге жарық шамдары орнатылып, іске қосылған. Рашид Мамытұлының айтуынша, демеушілер есебінен тағы 50 көше ұсынылып, 22 көшесі жарықтандырылған. Жалпы, жыл соңына дейін аудан бойынша 342 көше жарықтандырылады, бұл 87,6 пайызды құрайды. 2024 жылы аудан аумағында 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. 366 көшесі немесе 245 шақырымы асфальтталған, 24 көше немесе 15 шақырымы — тас жол. Жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 32 көшеге асфальт қабатын салу жұмыстарын жүргізуде. Олардың арасында орталық көшелер мен жаңадан асфальтталған орамдық көшелер бар. 2024 жылға асфальтталған көшелер саны 366-ға жетіп, 94 пайызды құрайды. 2024 жылы Әл-Фараби ауданындағы орталық көшелерге 657 дана үлкен көлемді темір қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары басталды. 2023 жылы аудан бойынша 120 қоқыс алаңы жаңартылып, «GLOBAL BUSINESS CONSTRUCTION» ЖШС-мен жасалған келісім аясында 680 қоқыс контейнерін жеткізу жоспарланды. Қазіргі таңда мердігер мекеме 497 контейнерді орнатқан. Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін аудан 7 секторға бөлінген. Әр секторға аудан әкімдігі тарапынан жауапты мамандар бекітілген. Ішкі орамдардың тазалығын «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қамтамасыз етеді, оларда 21 техника мен 161 адам жұмыс істейді. Басты көшелердің тазалығына «ТАЗА ӨЛКЕ» ЖШС-ның 68 техникасы мен 382 қызметкері жауапты. Әл-Фараби ауданындағы 928 көпқабатты тұрғын үйдің 859-ы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта 854 үй қысқы жылу маусымына дайын, бұл 99,4 пайызды құрайды. Аудан инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы осы шаралар тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Айта кету керек, Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орталықтан шалғай орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелерін жөндеуге басымдық берілуде. Қазір шалғай елді мекендердегі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды. Былтыр да біраз жұмыстар жүзеге асты. Атап айтқанда, Бадам-1 тұрғын алабында 20,7 шақырым асфальт жол бар. Оның ішінде Баян батыр, Бірлік, Атауы жоқ №1, Бесшатыр, атауы жоқ тұйықтары және атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелері де орташа жөндеуден өтті. Жоба бойынша бұл көшелерге 3,7 шақырым асфальт төселді. 0,6 шақырымды құрайтын Ирисбеков көшесінің құрлысы аяқталды. «Тұрғылықты жеріміз қаланың орталығы болмаған соң, талайдан бері көшеміз тас жол еді. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, шағын ауданымыз көркеюде. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қуаныштымыз» дейді Бадам шағын ауданындағы Н.Ирисбеков көшесінің тұрғындары. Ал Набережная көшесінің тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу 2025 жылға жоспарланып отыр. Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде.