ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БЮРОКРАТИЯДАН АРЫЛТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

201
0

Бүгінде елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып жатыр. Мұның барлығы жұмысты жүйелеуге, елдің даму қарқынын жеделдетуге себепші болады. Сондықтан бүгінде жылдар бойы қалыптасқан бюрократияны жоюға бағытталған шаралар кешенді түрде жүзеге асып келе жатыр. Тиісті құрылымдар атқарылып жатқан, жүзеге асқан жұмыстарды бақылап, қажет уақытта тиісті шараларды көріп келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Қалада мемлекеттік қызметшілердің этикасын түсіндіру, олардың құқығын қорғау бағытында бірқатар батыл бастамалар көтеріліп келеді. Бюрократияны жою бойынша да қолға алынып жатқан бастамалар аз емес. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласы әкімдігінде ауқымды жиын өткен болатын. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Тарқата баяндасақ, Шымкент қаласында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай және қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен «Шымкент қаласының тәжірибесінде жергілікті атқарушы органдар қызметін бюрократиядан арылту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы 2022 жылы Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдау құзыреті берілген сәттен бастап Агенттік тарапынан мемлекеттік органдарда бұл жұмыстың кешенді жүргізіліп жатқанын айтты. Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервшілерімен кездесуінде айтқан «Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн» деген сөздерін тілге тиек етіп, артық бюрократиялық кедергілер мен қағазбастылықтан арылту бағытында мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеу маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарының қызметін бюрократиядан арылту бағытындағы талдау жұмыстары аясында 29 мемлекеттік орган мен ұйымдардың, оның ішінде қала әкімінің аппараты, аудан әкімі  аппараттары, басқармалар және 400-ге жуық бағынысты ұйымдардың қызметіне жүргізілген зерделеу нәтижелері  баяндалды. Сондай-ақ 2 мыңнан астам функция, 300-ден астам мемлекеттік көрсетілетін қызмет талданғаны айтылды. Нәтижесінде, 120-ға жуық ұсыныстар әзірленген. Олар ұйымдастыру-басқару құрылымына, функциялар мен міндеттерге, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіруге, құқықтық реттеуге және ведомствоға қарасты ұйымдарға қатысты мәселелерді қамтып отыр. Агенттік төрағасы жүргізіліп жатқан жұмыстар бюрократиялық рәсімдерді айтарлықтай қысқартуға, азаматтардың уақыт және қаржылық шығындарын азайтуға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алудың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Аталған шаралар азаматтардың талап-тілектерін қанағаттандыруға, адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған  маңызды қадам. Іс-шара соңында талқылаулар негізінде қорытынды ұсыныстар жобасын дайындап, тиісті шешімдер қабылдау үшін Үкіметке ұсыныс енгізу қажеттілігі, Агенттіктің аумақтық департаменттеріне бюрократиядан арылту бойынша жергілікті деңгейде жұмысты әрі қарай үйлестіру, анықталған проблемаларды шешу мақсатында орталық мемлекеттік органдармен өзара белсенді іс-қимыл жасап, қажетті шараларды пысықтау тапсырылды. Жалпы бюрократия тақырыбы таңсыз емес. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс. Бұл – бағалау жүйесін ұдайы жаңартып отыру қажет деген сөз. Мемлекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы, әрбір қызметші еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерге сәйкес барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет» деп атап өткен болатын. Бүгінде ел Президентінің тікелей тапсырмасы аясында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынып, сәтті жүзеге асып келе жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер және сыйлықақы мен бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету кезінде құқықтардың сақталуы туралы өзекті мәселелерге қатысты диалогтық алаң және семинар тренингтер өткізілді. Бұзушылықтарды алдын-алуға бағытталған іс-шараларға қала аумағындағы мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтері мен Әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 13-бабында мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер белгіленген. Осы ретте, мемлекеттік қызметшілер өкiлдi органның депутаты болуға, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға құқылы емес. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу туралы қағидасының 4-тармағына сәйкес, қызметкерге оның алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде, тиісті органда бір айдан кем жұмыс істеген болса, сондай-ақ сынақ мерзімінен өту кезеңінде сыйлық берілмейді. Осы орайда, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне сыйлықақы беру практикасына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерге жалпы шолу жасалып, қызметшілердің құқықтарын қорғау бойынша нақты кейстарды шешу ақылы қатысушыларды бұзушылықтарды болдырмау бойынша жұмысқа бағдарлау жүзеге асырылды. Айта кету қажет, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бүгінде бұзушылықтарды алдын-алу шараларын атқаруға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтар мен мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды атқаруға басымдық беріп келеді. Бұл ретте, мағыналас профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде  ағымдағы жылдың 1-тоқсанының өзінде 80 қызметшінің құқығы қорғалғанын ерекше атап өту қажет. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан осындай бұзушылықтарды болдырмауға, олардың алдын алуға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтар мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да кеңінен жүргізілетін болады.