БІЛІМ ОРДАЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

35
0

Бүгінгі өскелең ұрпақтың қарым-қабілетіне қарап ертеңгі елдің даму қарқынын бағдарлауға болады. Сондықтан болар бүгінде жаһан мемлекеттері білімге айрықша назар аударып отыр. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын» деп атап өткен еді.

Жалпы білім саласы туралы сөз қозғалғанда, Шымкентті айналып өте алмасымыз анық. Өйткені үшінші мегаполисте мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қыруар іс атқарылды. Осының арқасында қаладағы үшауысымды мектептердің мәселесі шешімін тапты. Бұл ғана емес, біз сөз еткен саладағы жұмыстар жайы қала әкімінің тікелей бақылауында. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар білім беру нысандарын аралады. Атап айтқанда, №4 балалар музыка мектебі, Әл-Фараби атындағы №113 жалпы білім беретін мектебі және М. Мәметова атындағы №111 мектептерінде болды. Сондай-ақ  жаңа “Оқушылар сарайының” құрылысын тексерді. Оқу орындарының ғимараты мен кабинеттерін, жалпы материалдық-техникалық базасын тексеріп, алдағы даму жоспарымен танысты. Қазіргі таңда 120 орынға лайықталған музыка мектебі жалға алынған ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Алайда, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі баласын осы мектепке бергендіктен, бұдан артық оқушыларды қабылдау мүмкіндігі жоқ. Әкім  №113 және №111 мектептердің бос ғимараттарын да көріп шықты. Сараптама қорытындысы оларды апатты жағдайда деп танығанымен, визуалды тексеру барысында бұл күмән тудырды. Осыған байланысты ғимараттардың техникалық жағдайына қайта сараптама жүргізуді тапсырды. Нәтижесіне қарай, музыка мектебінің балансына беру мүмкіндігі қаралады. Айта кететін жайт  №113 мектептің қарамағында тұрған бір гектардан астам аумақтағы бос жатқан жеміс  бағы бар. Салалық басқарма бұл аумаққа жаңа музыка мектебін салуды ұсынды. Алайда, жасыл желекті сақтап, аумақты абаттандыру мақсатында жауапты мамандарға ағаштарды кеспей, бақты мектеп балансынан қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, “Оқушылар сарайының” құрылысында болып, құрылыс жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Шаһар басшысы кезекті аралау қорытындысы бойынша аудан әкімдігі мен жайлы ортаны дамыту басқармасына аулаларды тазарту және ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ көше жарығы мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Айта кету керек, биыл Шымкент қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы жаңа мектептің тұсауы кесілді. Жаңа білім нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Шатырхан Керімбеков, ардагерлер, белсенді азаматтар қатысты. Нұрсәт шағынауданында орналасқан жекеменшік мектептің құрылысы былтыр наурыз айында басталып, желтоқсан айында аяқталды. Мектеп кәсіпкер Низамхан Сулаймановтың демеушілігімен салынған. Қала мәслихатының төрағасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еліміздің тарихында алар орны ерекше екенін атап өтіп, осы мектепте білім алатын шәкірттер елге, ұлтқа қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді. «Мінекей, мектептің тарихы бүгіннен басталып жатыр. Ұлағатты ұстаздардың талапты шәкірттерге білім беруіне барлық жағдай жасалып отыр. Шымкент қаласының білім саласында жетістіктер көп. Оқушылар республикада ғана емес, халықаралық Олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Осында оқитын шәкірттердің жолы ашық болсын. Еліміздің саналы, елін, жерін сүйетін патриот болып, білімнің биік шыңына шыға беріңіздер» – деді қала мәслихатының төрағасы. Заманауи және типтік үлгідегі 3500 орынға лайықталған білім нысанында балалар бір ауысымда білім алып, қалған бос уақыттарында пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына қажетті жағдай жасалған. Жалпы 21 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, 1-6 сынып оқушылары үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған. Іс-шара барысында көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, мүмкіндіктерімен танысты.