ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

175
0

Шымкент – еліміздегі халық саны миллионнан асатын үш қаланың бірі. Шаһардағы демографиялық ахуал тұрақты. Қала берді, көшіп келушілердің де саны артып барады. Мұның өзі қаладағы көлік қозғалысына ауқымды салмақ салады. Сонымен қатар қоғамдық көлік қатынасын жетілдіруді талап етеді. Бүгінде бұл мәселелерді шешу мақсатында қалада тиісті сала басқармасы тарапынан қыруар іс атқарылып келеді. Осы орайда, жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2024 жылдың 9 айында жолаушылар тасымалы саласында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ибрагимов Ролан Бекмағамбетұлы, «Smart mobility» ЖШС директоры Камидоллин Жомарт Ерболатұлы, көлік саласының сарапшысы Баймаханбет Байболат Досалыұлы жүзеге асып жатқан жұмыстардың жай-жапсары турасында тарқата баяндады.

Айтылған деректерге келсек, Шымкент қаласында жолаушыларды тасымалдау қызметі тұрақты дамуда. Бүгінгі таңда 80 бағытта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Бұл маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде. Қала бойынша автобустардың жалпы саны 1150-ге жетті. Оның ішінде 44 автобус 3 жылға дейін, 1090 автобус 5 жылға дейінгі мерзімде жұмыс істесе, 7 жылдан асқан көліктер саны – 16. Қоғамдық көліктердің барлығы GPS трекерлерімен жабдықталған, бұл қызметтің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Автопарктің 615 автобусы сығымдалған газ-метанды қолданса, 535 автобус дизель отынымен жұмыс істейді. Қаладағы көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында екі газ толтыру станциясы қызмет көрсетіп отыр, ал жыл соңына дейін «Shymkent Bus» автопаркінде үшінші газ станциясы іске қосылмақ. Бұл жаңа станция қаладағы газбен қамту мәселесін түбегейлі шешеді деп күтілуде. Әлеуметтік маңызы бар маршруттар да назардан тыс қалмаған. Тарқата айтсақ, 77 бағыт осы санатқа кіріп, жергілікті бюджеттен 33,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Сонымен қатар, биыл тасымалдаушы компаниялар өз автопаркін жаңартуды жалғастырды. Яғни 19 жаңа автобус сатып алынды, ал «Shymkent Bus» 200 жаңа автобус алуға «Өндірістік даму қоры» АҚ-нан мақұлдау алды. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен 100 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұл шаралар Шымкент тұрғындарына қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Шымкент қаласының қоғамдық көлік қызметін дамыту мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілді. Енді тасымалдаушыларға қойылған талаптарды бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін ұлғайды. Автобустардың аялдамаға тоқтамауы немесе кестеден 15 минутқа кешігуі/ерте келуі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауда. Жыл басынан бері бұл шаралар қала бюджетіне 424,5 млн теңге үнемделуіне септігін тигізді. Қала тұрғындарының сұранысына байланысты жаңа маршруттар ашылды. «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы өтетін №3 айналма маршрут пен «Оңтүстік» шағын ауданындағы №4 маршрут іске қосылды. Сонымен қатар, 22 маршруттың қозғалыс сызбалары өзгертіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестесі кеңейтілді. 9 маршруттың жұмыс уақыты түнгі 23:00-ге дейін ұзартылып, тұрғындардың түнгі уақытта қала ішінде қолайлы жүріп-тұруы қамтамасыз етілді. 2024 жылдың 1 мамырынан бастап, 14 әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы берілді. Бұл жеңілдік 319 мың тұрғынды қамтиды. Жеңілдік карталарын алу үшін қалада төрт арнайы пункт ашылды. Шымкент қаласында 2335 аялдама орны бар, оның 838-і — жаңа типтегі аялдамалар. Бұл өзгерістер жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

2024 жылдан бастап Шымкент қаласының қоғамдық көліктерінде қолма-қол төлем қабылдау жүйесі толығымен жойылып, тек электронды төлем түрлері ғана қолданылады. Бұл шешім — жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға және көлік жүргізушілерінің назарын жол қозғалысына толық аударуға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі таңда жолаушылардың көпшілігі қоғамдық көлікте жол ақысын қолма-қол төлеуге мәжбүр болып жатады. Бұл, өз кезегінде, жүргізушілердің көлікті басқару кезінде ақша жинаумен айналысуына себеп болып, олардың назарын бөледі. Осының нәтижесінде жүргізушілер тек көлікті жүргізіп қана қоймай, қолма-қол ақшаны қадағалаумен айналысады, бұл жағдай кейде жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қатар, қолма-қол төлемдерді талап ету жолаушылар мен жүргізушілер арасында жанжал туғызатын жағдайлар аз емес. 2024 жылдың алғашқы 9 айында Шымкенттегі қоғамдық көлікке қатысты «І-Көмек» орталығына және қала әкімінің ресми парақшасына 12 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде жүргізушілерге қатысты 6 мыңнан аса шағым тіркелген, олардың басым көпшілігі, яғни 3 351 шағым — жолаушылардың қолма-қол төлем жасауға мәжбүрлеуіне байланысты болған. Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру және тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында «Avtobys» электрондық билет жүйесі іске қосылды. Бүгінде бұл жүйе Қазақстанның 17 қаласында және Қырғызстан Республикасының Ош қаласында табысты жұмыс істеп жатыр. Отандық технологиялар негізінде жасалған «Avtobys» жүйесі қоғамдық көлікте заманауи әдістер мен шешімдерді енгізу арқылы жолаушыларға тиімді және ыңғайлы қызмет көрсетуді көздейді. 2024 жылдың басында «Avtobys» компаниясы Шымкенттің көлік жүйесін жаңғырту жұмыстарына кірісті. Нарықтағы барлық тәуекелдер мен қиындықтарды зерттеп, жаңа технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік алынды. «Avtobys» жүйесі жолаушылардың төлемдерін Bluetooth, банк карталары және басқа да заманауи әдістер арқылы жасауға мүмкіндік береді. Жеңілдікті санаттағы жолаушылар үшін виртуалды тарифтер енгізіліп, физикалық көлік карталарын пайдаланудан толық бас тартуға мүмкіндік берілді. Бұл жолаушыларға төлем процесін барынша ыңғайлы әрі жылдам етуге септігін тигізеді. Жүргізушілердің планшеті жүйесі көлік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жасалған. Планшет арқылы жүргізуші автобустың кестесін, жолаушылардың төлемдерін бақылай алады, сондай-ақ диспетчермен екіжақты байланыс орната алады. Бұл жаңашылдық көліктің уақытында аялдамаларға жетуін қамтамасыз етеді.

Жалпы елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполисте бұқара көтерген талай түйткіл шешімін тапты. Дегенмен шешімін табуы тиіс мәселелер де аз емес. Мәселен, бұдан біршама уақыт бұрын қоғамдық көлікке қатысты өзекті түйін кқтерілген еді. Енді бұл мәселе де шешімін тапты. Ашып айтсақ, соңғы уақытта Шымкентте тұрғындар тарапынан көліктер санын көбейту туралы өтініштер саны артқан. Осы мәселе бойынша , жолаушылардың өтініштері ескеріліп, қаладағы 11 маршрутқа қосымша 24 автобус қосу жоспарланған болатын.  Бұл — өз кезегінде автобустардың аралық интервалын азайтып, жолаушылардың қоғамдық көліктерді ұзақ күтпеуіне септігін тигізуіне жасалған жақсы жағдай. Қазіргі кезде қосылған  бағыттағы көліктер жаңа кестемен қызмет көрсете бастады. Нақты айтар болсақ, №15 бағыттағы 9 автобус Таскен шағынауданынан «Айна» базарына дейін қатынап, жолаушыларды тасымалдайды. Шағынауданда жолаушылар ағымының артуына байланысты аталған маршрутқа қосымша 1 кесте қосылды. Қазіргі уақытта бұл аралыққа 10 автобус 15 минуттық жиілікпен қатынап жатыр. Сондай-ақ №70 бағыттағы 12 автобус Қайнарбұлақ тұрғын алабынан «Гипер хаус» сауда үйіне дейін күнделікті жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Оқу жылының басталуына орай және тұрғындар өтініштеріне сәйкес, №70 автобус маршрутына қосымша 2 кесте қосылды. 14 автобустың жұмысы 10 минуттық жиілікпен ұйымдастырылды. Айта кету керек, қаламыздағы қоғамдық көлік саласына 2024 жылдың басынан бері бірқатар өзгерістер енгізілді. 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желі әзірленді. Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және  6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі танда  оның 640-ы газ метанмен, 464-і дизельмен және 36-сы бензинмен жүреді. Қала аумағындағы шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен толықтай қамтылған. Қазіргі уақытта күнделікті 916 автобус және 11 тасымалдаушы компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. 2024 жылғы 5 айда тасымалданған жолаушы саны – 36 738 679 адамды құрайды. Сонымен қатар жалпы автобустар саны резервпен қоса – 1140 дана болып отыр. Биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылып жатқанын да айта кету керек. Саладағы өзгерістер мұнымен шектелмейді. 2024 жылдың 10 мамырдан бастап қалада валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Аталған жүйе әдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы, Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде аялдаманы дыбыстағыш құрылғымен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл құрылғы №12, №27, №35, №74, №84 бағыттағы жолаушылар көлігінде жалпы саны 110 автобуста орнатылған. Ал жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайн бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелген. Үшінші мегаполисте 2020 жылы жолаушылар тасымалы мен қоғамдық көлікті дамытатын кешенді схема әзірленген болатын. Аталған жоспарда шаһардағы қоғамдық көліктер жаңасына ауыстырылып, электронды билет жобасын енгізу қарастырылған болатын. Мұндай жаңалық шаһарда кезең-кезеңімен іске асырыла бастады. 2020 жылы тұрғындар мен қонақтарға резервпен қосқанда 895 қоғамдық көлік қызмет көрсеткен екен. Бүгінде 10 тасымалдаушы компаниның 1000-ға жуық қоғамдық көлігі жолаушыларға қызмет көрсетіп отыр. Қаладан шалғай орналасқан елді мекендерге жаңа бағыт ашылып, қала орталығына қиындықсыз қатынайтын жағдай жасалды. Сондай-ақ, қаладағы барлық қоғамдық көлік жаңа «Yutong» және «Ankai» маркалы заманауи көліктерге жаңаланды. Осылайша қоғамдық көліктің 90 пайызы жаңаланып, мегаполис мәртебесіне сай қызмет көрсету сапасы да артты. Сонымен қоса, 2021 жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге енгізілген «Төлем» электрондық билеттендіру жолаушылардың жолақысын төлеу жүйесін едәуір оңтайландырды. Бүгінде жолаушылар жол ақысын тек картамен ғана емес, байланыс операторларына көлік кодын хабарлама арқылы жіберу арқылы және көпшілік қолданатын Kaspi.kz қосымшасында QR код арқылы төлеу мүмкіндігі қаралған. Қазіргі таңда электронды көлік карталарының саны 700 мыңнан ал, күнделікті транзакциялар саны 350 мыңға жеткен.