ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

56
0

Шымкент қаласында ондаған ұлт біте-қайнасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Өз кезегінде, бірлік пен ынтымақты насихаттайтын шаралар мен бастамалар да сәтті жүзеге асуда. Бүгінде ақсақалдар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары және елге белгілі азаматтардан тұратын топ қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге барып, ауызбіршіліктің елдің дамуындағы маңызын қоғамға түсіндіріп жатыр.

Жуырда сондай шаралардың бірі ұйымдастырылды. Нақтырағы, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен №134 мектепте Шаңырақ шағынауданы мен Тұрдыабад тұрғыналабының жасөспірімдері арасында орын алған оқиғалар бойынша тұрғындармен ұлт аралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында кездесу өтті. Жиынға Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Б.Жалмурзаев, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Е.Байқонақов, Шымкент қаласы өзбек этномәдени қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Нышанбаев, Асар шағынауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Т.Күлметов, Шаңырақ мешітінің бас имамы М.Алиев, №35 учаскелік полиция пунткінің жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері Ж.Қосалиев, М.Сапарбекұлы және белсенді 30-ға жуық аумақ тұрғындары қатысты. Кездесу барысында тұрғындар келген қонақтарға өз ойларын айтып, алдағы уақытта осы аумақта тұратын жасөпірімдермен және олардың ата-аналарымен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді. Айта кетейік, үшінші мегаполисте ұлтаралық қақтығыстардың алдын алып, бірлік пен ынтымақты насихаттайтын кездесулер ұдайы өткізіліп келе жатыр. Мұның қоғамның әрі елдің дамуындағы маңызы айрықша.