ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНІП ОТЫР

39
0

Жыл сайын елімізде жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Өйткені дәл осы маусымда тұрғындар көптеген қауіпті мәселелермен бетпе-бет келеді. Осы орайда, тиісті сала мамандары тарапынан қандай шаралардың атқарылатыны қоғам үшін айрықша қызық. Сондықтан аталған бағыттағы жұмыстар тиісті сала маманы тарапынан түсіндірілді. Ашығырақ айтсақ, Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жылыту маусымына дайындық туралы: Жылу және қауіпсіздік шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өткен болатын. Міне, дәл осы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан маңызды жиында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ережепова Эльмира Уалиханқызы бірқатар шаралардың жүзеге асуы турасында толымды ақпарат берді.

Шымкентте 2024-2025 жылғы жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Бұл шара тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұйымдастырылып, өрт қаупін азайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ережепова Эльмира Уалиханқызы баяндады. Өткен маусымда, 2023-2024 жылдары қатты отын пайдаланғанда улы газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 4 адамның өмірі қиылды. Бұл көрсеткіш 2022-2023 жылдармен салыстырғанда 44 пайызға төмендегенімен, жарақат алғандардың саны артты. Осыған байланысты, жергілікті билік тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа жылыту маусымы алдында сақтық шараларын қайта қарады. 8 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекітті. 16 тамызда өткен қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, шаралар хаттамаға енгізілді. Қалада өрт және улану қаупінің алдын алу мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік желілерде 120, ал бұқаралық ақпарат құралдарында 25 материал жарияланып,  олардың ішінде 10 басылымда, 6 телеарнада және 9 радиода материалдар жарық көрген. Эльмира Ережепованың айтуынша, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3500 үйге аралау жүргізіліп, 7 мыңнан астам адам қамтылған. Оқу орындарында 1000 оқушыға арналған 34 интерактивті сабақ өткізілген. Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 3541 адамға арнайы жадынама парақшалары таратылған. Бұл отбасылардың үйлеріне қайта аралау жұмыстары да жалғасуда. Әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігін арттыру үшін 81 үйге газ анықтағыш құрылғылар орнатылған. Қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер арасында меморандумдар түзіліп, 125 газ анықтағыш құрылғы сатып алынды. Барлық осал топтарды газ анықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тұрғындарға апта сайын улы газбен уланудың алдын алу бойынша СМС-хабарламалар жіберіліп отырады. Шымкентте жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін күшейту шаралары қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газбалондарын қолданатын 22 жатақханада қауіпсіздік бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды. Қатты отын пайдаланатын 3500-ден астам тұрғын үйге де ерекше назар аударылып, өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өрт қауіпсіздігі мен ауланы күтіп ұстау мәселелері талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Ал «Үлгілі үй» байқауында «Дендропарк» тұрғын үй кешені үздік деп танылып, өрт қауіпсіздігін сақтаудағы үлгісін көрсетті. Кинотеатрларда өрт қауіпсіздігі тақырыбында 10 арнайы бейнеролик көрсетілсе, ЛЭД экрандарда 25 бейнеролик жарияланған. Сондай-ақ, «Жатақхана» және «Оттан сақ бол» акциялары аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілуде. Бүгінде үшінші мегаполистегі Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты 9 өрт сөндіру бекеті мен 5 аудандағы төтенше жағдайлар басқармасында 900-ге жуық қызметкер қызмет атқарып жатыр. Мекемелердің техникамен жабдықталуы 89 пайызды құрайды. Өткен жылдың 9 айында департаменттің 101, 112 шұғыл байланыс нөміріне 200 мыңнан астам қоңырау түскен. Түскен қоңыраулар бойынша құтқарушылар 2 547 орындағы өртті сөндіріп, 348 авариялық-құтқаруға, 6 іздестіруге және 234 рет халыққа түрлі бағыттағы құтқару көмегін көрсеткен екен. Осылайша 234 адам Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен құтқарылса, оның 155-і — кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Жалпы былтыр Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау үшін 2385 оқу-жаттығуы өткізілген. Құтқарушылар қандай қиындық болмасын азаматтарды оқыс оқиғалар мен өрттен құтқару ісін қалтықсыз атқарып отыр.