ЕҢБЕК НАРЫҒЫН ЖАНДАНДЫРУ – ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ

Жуырда осы кешенде жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты арнайы мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Қазанқапов, «Түркістан Инвест» ЖШС мен Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері және Арыс пен Отырар аудандары әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Бүгінде 22 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылып, қосымша 80-ге жуық адам күндік ақы негізінде еңбек етуде. Бұл – тек бір кешеннің шеңберінде жүзеге асып жатқан нақты нәтижелер. Ауыл тұрғындары үшін еңбек нарығына қосылу мүмкіндігі пайда болып отыр. «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақта кластерін дамыту мақсатында тамшылатып суару технологиясын енгізуде. Бұл – су тапшылығы жағдайында тиімді егіншілік жүргізудің басты шешімі. Аталған технология арқылы судың үнемделуі қамтамасыз етіледі, өнімділік артады, жер ресурстары тиімді пайдаланылады. Ең бастысы – тұрақты ауыл шаруашылығы өндірісінің іргесі қаланады. Осылайша, жоба тек жұмыс орындарын ашумен ғана шектелмей, ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға да серпін беріп отыр. Мәжілісте еңбек нарығын тиімді ұйымдастыру, жұмыс күшіне сұранысты нақтылап, оны ұсыныспен ұштастыру, еңбек заңнамасының сақталуы, сондай-ақ қысқа мерзімді оқыту курстары мен мансап орталықтары арқылы кадр даярлау мәселелері жан-жақты талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бұл ретте «Жұмысқа қабылдау барысында заң талаптарының сақталуы басты назарда болуы керек. Әр жұмыс беруші еңбек келісімшартын жасауы тиіс. Бұл – жұмысшының құқығы мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, инвестор тарту ғана емес, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру да әкімдіктің басты талабы. Бұл кешеннің маңыздылығы – шикізат өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдеуден өткізіп, ішкі нарық пен экспортқа бағытталған өнім шығару мүмкіндігінде. Болашақта талшық пен жіп өндіру, мата мен тоқыма өнімдерін шығаруға, экспортқа жарамды тауар өндіру мүмкіндігі артады. Осы арқылы өңірде тоқыма өнеркәсібінің негізі қаланып, Түркістан облысы еліміздің оңтүстік мақта белдеуіндегі жетекші өңірге айналмақ. «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» жобасы – жеке инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың тиімді тоғысуынан туған табысты үлгі. Бұл бастама жұмыссыздықты азайтады, технологиялық жаңаруға жол ашады, ауыл экономикасын жандандырады, өңірлік индустриалды дамудың жаңа кезеңін бастайды. Мұндай жобалар көбейген сайын, Түркістан облысының экономикалық құрылымы ауыл шаруашылығынан индустрияландыруға қарай сатылап көтеріле береді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аймақтық табыс теңдігін қалыптастыру жолындағы жүйелі қадам.