ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАЛА ӘКІМІНЕ ӨТІНІШТЕРІН ЖЕТКІЗДІ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Бүгінде аталған тұжырымдама негізінде еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстарды айналып өте алмасымыз анық. Соңғы уақытта Шымкентте көптің көкейінде жүрген көптеген мәселелер шешімін тапты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық қабылдау өткізіп, бұқараның талап-тілегін тыңдап келе жатыр. Бұл ғана емес, тиісті сала басшылары және орынбасарларымен қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы ат басын бұрып, атқарылып жатқан жұмыстармен де жіті танысуда. Осы орайда, жуырда дәл осындай шара өткен болатын. Бүгінгі материалымыза аталған тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…
Күні кеше қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған әкімдік мамандары Қаратау ауданындағы Тұран, Нұртас, Мәртөбе, Мирас-2, Тассай және Достық шағын аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Аудан тұрғындары жолдарды асфальттеу, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, газ, кәріз жүйелерін жүргізу жоспарларын сұрады. Сондай-ақ, шалғай көшелерге бейнебақылау камераларын, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жарықтандыру жүйелерін орнату қажеттілігі көтерілді. Айта кетейік, келесі жылы Тұран шағынауданында ұзындығы 17 шақырым 33 көшені асфальттеу, ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында 13 көшеге жарық беру жоспарлануда. Сондай-ақ Мәртөбе тұрғын алабында үздіксіз энергиямен жабдықтау үшін кабельдер мен тозған трансформаторларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Мирас шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Мегаполис басшысы Тассай тұрғындарының өтініші бойынша жауаптыларға медициналық бекет салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Кездесу барысында автобус аялдамаларының сапасына және қоғамдық көлік қозғалысының кестесіне шағымдар айтылды. Барлық мәселелер назарға алынып, тиімді шешімдер қабылдауда нақты тапсырмалар берілді. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Тағы бір маңызды мәселе — біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бағытта аз шаруа атқарылған жоқ. Бұл құрал – азаматтармен тікелей жұмыс жүргізу ісін қайта қарау. Былтыр ғана мемлекеттік органдар 1,9 миллионға жуық өтінішті қарады. Шамамен 2 миллионға жуық өтініш қаралған. Менің атыма 32 мыңға тарта өтініш келді. 2019 жылға қарағанда 3 есе көп. Оның ішіндегі 80 пайызы – әртүрлі мемлекеттік органдардың құзіретіне кіреті шаруалар. Формализм фактілері әлі де тым көп. Бұл – бүкіл мемлекеттік құрылым заңмен, реформамен шешілуге тиіс жүйелі проблемаға айналып барады» деп атап өткен болатын. Осы орайда, Шымкентте қолға алынған бастама алдағы уақытта да жалғасын табады. Яғни қала әкімі қаладағы шағынаудандар мен елдімекендерге арнайы барып, бұқарамен кездесі өткізеді. Онда көтерілген мәселелер де тиісті сала басшылары тарапынан назарға алынып, тез арада шешімін таппақ.