ТҮРКІСТАНДА РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Меморандумның мақсаты – олыстағы әртүрлі деңгейдегі Ардагерлердің өзара бірлігін нығайту Түркістанда Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын атап өту мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. – Бүгін біз ұлы тұлға, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өту үшін жиналдық. Бұл шара – батырымыздың ерлігін, отаншылдық рухын және халқымыз үшін сіңірген еңбегін еске алу, әрі жастарға үлгі көрсету.
Бүгінгі іс-шара – Рақымжан Қошқарбаевтың мұрасын мәңгі сақтау, оның атымен байланысты тарихи оқиғаларды жаңғырту, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін маңызды сәт. Біз оны ұмытпай, жадымызда сақтауға міндеттіміз, – деді Ертай Кенжебекұлы. Мерекелік іс-шара аясында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы, Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, «Түркістан облыстық әртүрлі деңгейдегі ардагерлерді Үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігі және облыс әкімдігі тарапынан меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандумның мақсаты – олыстағы әртүрлі деңгейдегі Ардагерлердің өзара бірлігін нығайту, «Ардагер» деген құрметті есімнің мәртебесін көтеру, ұлағатты өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету, дәстүр сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарын сақтау.
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылында дүниеге келген. Қарулы күштердің Әскери-тарихи музей қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыста Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр бабамыздың жауынгерлік жолының картасын жасап шығарды. Құнды дүние зерттеушілер, студенттер мен оқушылар үшін пайдалы болары сөзсіз. Жауынгерлік жол картасы,. мұражайда арнайы ашылған көрмеге қойылды. Ақмола облысының тумасы Рақымжан Қошқарбаев 18 жасында Көкшетауда әскер қатарына алынып, сол жерден Фрунзе училищесіне жіберіледі. Бұл — сұрапыл соғыс жылдары еді. Кіші лейтенант жүздеген жас жауынгермен сап түзеп майдан даласына аттанады. Алдымен Украина жерін, кейін Польша астанасын азат ету операцияларына қатысады. Одан соң неміс фашистерінің соғыс оты қайнаған ошақ — Берлин шекарасына жетеді. Тарих құжаттарында қызыл әріппен жазылған бұл шешуші шайқастардың енді хронологиясы айқын. Әскери музей қызметкерлері Рақымжан Қошқарбаевтың жауынгерлік жолының картасын әзірледі.
Рақымжан Қошқарбаев қызыл әскердегі үзеңгілесі Григорий Булатовпен бірге адам нанғысыз жанкештілігі үшін мәңгі есте қалды. Олар әр сантиметрінен оқ жауған Берлиннің қақ ортасында 360 метр жерді 7 сағат еңбектеп жүріп өтіп, Рейхстагқа жеңіс туын көтерді. Ол кезде батыр жауынгеріміз 21 жаста еді.