ШЫМКЕНТТІК ӨРЕНДЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІН ҚАНЖЫҒАЛАДЫ
IGEM синтетикалық биология бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған Халықаралық ғылыми-зерттеу жобалары байқауын өткізеді.
Байқауға әр елден 350-ден астам команда мен 7000 қатысушы өз жобаларын ұсынып, Париждегі Paris Expo Porte de Versailles-те синтетикалық биология дүниежүзілік көрмесіне жиналды. Қазақстанның бірінші жоғары сынып оқушылары атынан Шымкент қаласы ХББ NIS шәкірттерінен құралған «Shym_bil_nis» командасы қатысты. Команда «Гендік модификацияланған бактериялардың көмегімен ПЭТ-пластикті ыдырату» тақырыбында өз жобасын қорғап шықты. «Бұл ғылыми зерттеуімізде арнайы ферменттердің жұмысы арқылы пластикті әлдеқайда жылдам және экологиялық таза ыдыратып, сондай-ақ қоршаған ортаның әртүрлі жағдайларына, соның ішінде Қазақстанның күрт континентальді жағдайына бейімделу қабілетіне сай жасадық. Бұл байқау біз үшін ең үлкен жеңіс. Жетекшімізге, жалпы мектеп ұжымына алғысымыз шексіз. Келесі жылы алтын медаль аламыз деген ниеттеміз» дейді команда мүшесі Дариға Танабаева. Байқау қорытындысы бойынша шымкенттік өрендерден құралған команда қола медальмен марапатталды және «Best education» деп аталатын арнайы марапатына ұсынылды. Бұл еліміз үшін, мектебіміз үшін үлкен жетістік. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептің 4 оқушысы да NIS-тің желілік ғылыми жобалар олимпиадасынан жүлдемен оралды. Гуманитарлық бағыт бойынша ғылыми жұмыс қорғаған оқушылардың барлығы жүлделі 3-орын иеленген. Олардың алғашқысы Гүлайым Жексенбек жетекшілері Бақыт Амалбекова және Гүлжамиля Сүлейменовамен «Патриоттық тәрбие беруде Б.Момышұлының шығармаларының маңызы» тақырында жасаған зерттеу жұмысы, Зере Рыстанбектің жетекшісі Данияр Байтуреевпен «Шөген ұлттық ойынының тарихы мен дамыту жолдары» жазған жұмысы, Бағдар Нұржабевтың Динара Алимкуловамен жазған «Comparative study of idioms about personality in English and Kazakh languages» зерттеулері қазылар алқасынан жоғары бағаланып, жүлдегер атанды. Эссе жазуы секциясы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекжан Көпбосыновтың оқушысы Оралхан Абдужаппардың «Туған жер — тұғырым» шығармасы да жүлделі 3-орыннан көрінді.