ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

22
0

Нашақорлық – есірткі заттарына патологиялық құмарлық. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлық–жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды доғарады. Өзінің адамгершілік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға, өзіне зиян келтіреді. Сондықтан мұндай өзекті мәселемен күрес шаралары елімізде қарқын алып келеді. Оның ішінде құқық қорғау қызметкерлері жастар мен жасөспірімдерге аталған тақырып турасында толымды ақпарат беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Осы орайда, Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған 2024 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы барлық орта арнаулы оқу орындарында студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы дәрістер өткізілуі жалғасуда. Кезекті іс-шара Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде өткізілді. Аталған іс-шараға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, Психикалық денсаулық орталығының және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты. Дәріс барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті. Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді. Іс-шара соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты. Бұл өзекті мәселемен күрес шарасы елімізде қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін Үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген болатын. Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді. Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру. Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр. Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26 пайыздан 30 пайызға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған. Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді. Нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік береді. Емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, адам аз жүретін аумақтардағы жасырын есірткі зертханалары мен плантацияларды жою шаралары қабылданды. Жоспар шекаралық өткізу пункттерін дәрілік заттарды, прекурсорларды және дәріхана зертханаларына арналған жабдықтарды анықтауға арналған скринингтік құралмен қамтуды көздейді. Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады.