ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС: ТОМОГРАФИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ

292
0

Медицина – қоғам өміріндегі ең маңызды салалардың бірі. Әсіресе, жаһанды жайлаған пандемиядан кейін денсаулық сақтау ісіне бөлінген көңіл де, қаражат та артты. Көптеген мемлекеттер медициналық орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту ісіне басымдық беріп келеді. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Бүгінде саладағы өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысу бағытында бірқатар тың бастамалар көтеріліп жатыр. Оның ішінде сапалы медицина мамандарын даярлау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде еліміздің ақ халаттылары әлемнің озық технологияға ие клиникаларында тәжірибесін толықтырып қайтуда. Медицина мамандарын даярлау үшін жергілікті әкімдіктер тарапынан арнайы гранттар қарастырылып жатыр. Денсаулық сақтау мекемелері де соңғы әрі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда. Мұның өзі саланың дамуына серпін беріп отыр десек, артық айтпаған болар едік. Оның ішінде Шымкент қаласында соңғы бірнеше жылда көптеген денсаулық сақтау мекемелері күрделі жөндеуден өтті. Осының арқасында бұрындары қалада жасалмаған күрделі де ауыр оталар сәтті жасалып келеді. Мұның өзі халықтың денсаулық сақтау ісіне деген сенімін арттыра түсуде десек, артық айтпаған болар едік. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз…

Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек» деп атап өткен болатын. Осының өзі аталған саланың ел деңгейінде маңызға ие екенін айғақтайды. Жалпы Шымкентте жыл басынан бері халыққа 3 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, оның 80 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылған.  Қалада бүгінгі таңда 22 медициналық мекеме КТ, 17 мекеме МРТ және 36 медициналық ұйым сандық рентгенография қызметін көрсетеді.  Консультациялық-диагностикалық қызметтердің барлық түрлерін көрсететін медициналық ұйымдардың бірі – қалалық диагностикалық орталығы. Мұнда 9 айда 4 мыңнан астам компьютерлік томография (КТ), 7 мыңға жуық магниттік-резонанстық томография зерттеулері жүргізілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда КТ 6 пайызға, МРТ зерттеуі – 12 пайызға артқан. Орталықта сондай-ақ колоноскопия және бейне-электроэнцефалография зерттеулері жүргізіледі. Пациенттерге медициналық кеңес беріп, қызмет көрсетуге 100-ден астам жоғары білікті дәрігер жұмылдырылған. Айта кету қажет, науқасқа диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ жүргізуге жолдама бере алады. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесінің болуы тиіс. Айта кеткеніміз жөн, Шымкент қаласында медицина мен фармацевтика саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биыл Шымкент қаласында 66 медициналық ұйым дәрілік заттарды таңбалау бойынша 2D сканер және деректерді жинау терминалымен қамтамасыз етілді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сауле Дүйсенбиева Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Сауле Сансызбайқызының айтуынша, 26 мемлекеттік және 40 жекеменшік медициналық ұйымдарда толық интеграция жүргізілген. Таңбалаудың маңыздылығы-дәрілік заттардың айналымын ашық етеді және тұтынушыға босатылған дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі бойынша ақпаратқа қолжетімділік беріп, меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдарда өндірушіден пациентке дейінгі әр қаптаманың жеке есебін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ контрафактілік және жалған өнім айналымынан қорғаудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Айта кетейік, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды көтерме саудадағы субъектілер таңбалау мен қадағалау процесін еңгізбеген медицинадық ұйымдарға, дәріханаларға дәрілік заттарды босату тоқтатылады, осыған байланысты дәріханалар дәрілік заттарды сатып алу және халыққа өткізу мүмкіндігінен айырылады. Жалпы үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар жергілікті әкімдіктің басты бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Бұл ғана емес, өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары да өңіріміздегі озық медицина ұйымдарына табан тіреп, мүмкіндіктерімен танысып келеді. Мәселен, биыл ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров №6 қалалық емхананың қызметімен танысып, мамандармен әңгімелесті. №6 емханаға бүгінде 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Өткен жылы Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар арасында алғаш болып «Үздік тәжірибелік орталық» жүйесі енгізілген еді. Нұрлан Құдиярұлы «Алдын-алу және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету», «Халық кеңесі» кабинетінің жұмыс барысын аралап көрді. Емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Сенатор «Үздік тәжірибелік орталық» қызметтері, фронт-офис, денсаулық мектептері, пациенттерге медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруда қолға алынған жұмыстарды оң бағалады. Тұрғындармен психологиялық-моральдық қатынасты жақсартудың маңызы зор екенін айтып, ендігі кезекте жаңа бөлімдердің жұмысын халыққа кеңірек түсіндіру қажет екенін мәлімдеді.

Бүгінде үшінші мегаполисте медициналық бұйымдар шығару ісі де қарқын алған. Мәселен, заманауи үлгіде жабдықталған «ЭКО ФАРМ» ЖШС “Тассай” индустриалды аймағында орналасқан. Кәсіпорында медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдары — қорғаныш киімдері, обаға қарсы жиынтықтар мен маскалар шығарылады. Жоба құны — 3,4 млрд теңгені құрайды. Мұнда жылына 17 түрлі 600 мың дана қорғаныс киімі өндіріледі. Жылына медициналық киім мен іш киімнің – 500 мың данасы, медициналық маскалар мен респираторлардың – 100 млн данасы, медициналық қорғаныс көзілдірігінің — 1 млн данасы нарыққа шығарылады. Шымкентте өндірілген тауарларға Астана, Алматы, Түркістан, Қарағанды қалаларынан сұраныс зор. Қазір көрші елдермен де тапсырыс бойынша тиісті келісім шарттар жасалуда. Цехтың жалпы ауданы 1,25 га аумақты алып жатыр. Бүгінде өндіріс орнында 250 ден астам адам жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Салаға реформа жүргізілгені де белгілі. Қала берді, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Жолдауында денсаулық сақтау ісіне көңіл бөлу жалғасатынын айтты. Сонымен қатар «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деп, тиісті сала басшылары мен жергілікті әкімдіктерге тапсырма жүктеген болатын. Бүгінде өңірлерде бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Мәселен, үшінші мегаполисте медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдік озық практикасы енгізіледі. Бұл бойынша қаладағы 4 медициналық ұйымның бас дәрігері сәуір-мамыр айларында оқудан өткен. Өткен аптада аталған тәжірибені қолдану бойынша шаһардағы №6 емханада 3 күндік семинар өтті. Оған «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы келді. Өз кезегінде, қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев, бірқатар дәрігер-профессорлар шаһардағы №1, 3, 6, 7 емханаларды аралап, дайындығын бақылады. «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы жобаның маңызы турасындағы ойын былайша тарқатты «Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, науқастарға сапалы және жедел көмек көрсету, озық инновациялық технологияларды пайдалану, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл жобада пациент және оның отбасының қажеттіліктері төңірегінде барлық медициналық қызметтерді біріктіріліп, көрсетіледі. Европаның 53 мемлекетінде модельді платформа болып жарияланған бұл жобаның берері көп.