СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

8
0

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын  әлемдегі  барлық  елдердің  қай-қайсысын  да  қатты  алаңдататыны  анық. «Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс — әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды. Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз. Осы орайда, бүгінгі таңда аталған көкейтесті мәселемен күрес қарқын алып келеді. Жуырда Түркістан қаласында аталған тақырыпты арқау еткен ауқымды жиын өткен еді. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Ашығырақ айтсақ, Түркістан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, құқық қорғау органдары мен басқармаларының басшылары мен аудан, қалалардың әкімдері қатысты. Ол қатарда Түркістан қаласының әкімі де бар. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алдымен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің Превенция басқармасының басшысы Нұрлан Құдайбергенов пен облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамалары тыңдалды. Сыртқы талдау қорытындылары бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына қаражаттың тиімсіз жұмсалу фактілері, атаулы әлеуметтік көмек бойынша негізсіз төлемдерді аудару, жеке көмекшілердің қызметтерін ұсыну кезінде, оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғаны, сондай-ақ оларды жою жөнінде тиісті ұсынымдар енгізілгені баяндалды. Облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызына тоқталды. «Осы саладағы барлық кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Біз білім беру саласын мұқият зерттеп, қаржылық бұзушылықтарды анықтадық. Енді жауапты құқық қорғау органдарымен бірге әлеуметтік саланың барлық мекемелеріне тексеру жүргізілуде. Барлық салаларда қаржылық жағдайға мониторинг жүргізіледі. Мемлекет бюджетінің әрбір тиыны тиімді болуы және өз мақсаттары үшін, ел мүддесі үшін жұмсалуы тиіс. Заңсыздыққа жол берілмейді. Басқармалардың басшылары, аудандар мен қалалардың әкімдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандырып, бақылауды күшейту қажет. Біз бұл мәселені үнемі қадағалап, тиісті жұмысты жалғастырамыз» деді Дархан Сатыбалды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыстағы «сақалды» құрылыс нысандары құрылысына қатысты жауапты тұлғаларға Ордабасы ауданындағы мектептер мен Төлеби ауданындағы көпір салу мәселесін аяқтау және реттеу бойынша тапсырмалар берілді.  Сонымен қатар отырыста №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру барысы қаралды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мемлекеттік, бюджеттік және квазимемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру қажет екенін, бұл мәселе тұрақты бақылауда тұрғанын атап өтті. Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен комиссия мүшелері тарапынан жауапты басшыларға, аудандар мен қалалардың әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы биылда «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.