БІЛІМ ОРДАСЫНДА «АДАЛДЫҚ САҒАТЫ» ӨТТІ

10
0

Әр азамат өз міндетіне адал болса, қоғамдағы әлеуметтік кеселдер де түп-тамырымен жойылады. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық сынды қылмыстық құқықбұзушылық жоғалады. Сондықтан да қоғам арасында «адал азамат» ұғымын кеңінен насихаттау аса қажет. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек» деген болатын. Осы орайда, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың кең тарауына тосқауыл қою һәм өзге де мәселелермен күрес мақсатында «Адалдық сағаттары» өтіп, жастарға кеңінен ақпараттар беріліп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда Түркістан қаласында өткен кезекті шара турасында тарқата баяндағымыз келіп отыр.

Жалпы адалдық — адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. «Адалдық» деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Осы орайда, Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінде 1-10 қыркүйек күндері аралығында өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық, парасаттылық, әділдік, сенім құндылықтарын сіңіруге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 1-11 сынып жетекшілері «Адалдық-асыл қасиет», «Адалдық- ардың ісі» тақырыптарында бірыңғай «Адалдық сағатын» өткізді. Сабақ барысында оқушылар топқа бөлініп жұмыс жүргізді. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, оқушылардың пікірлері тыңдалды. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін ел Президенті «Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деп атап өткен болатын. Осы орайда, Түркістан қаласында мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында көптеген игі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау мақсатында көптеген көкейтесті шаралар атқарылды. Жалпы Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген нысандарын қабылдамауына, алдын алу шараларының басымдығына көшуді көздейді. Қол жеткізілген нәтижелерді, халықаралық стандарттарды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарды ескеретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы біртұтас саясатты дамыту жалғастырылатын болады. Тиісті шаралар мен нысаналы көрсеткіштер елдің стратегиялық құжаттарында «Қазақстан-2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық тұжырымдамасында және басқаларда көзделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы стратегиялық мақсат 2026 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 47 баллға, 2030 жылға қарай 55 баллға қол жеткізу болып табылады. Аталған көрсеткіш сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ғана емес, саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалардың да бағасын қамтитынын ескере отырып, оған қол жеткізу жөніндегі жұмысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілері тартылатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әзірленген шаралар сыбайлас жемқорлықтың, әсіресе, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын кешенді түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тартуға бағытталатын болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, тәрбиелеу және білім беру шараларын жүйелеу, мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық өкілдерін парасатты мінез-құлыққа ынталандыру арқылы сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамауға қол жеткізілетін болады. Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, оның ішінде олардың нақты үлесін бағалаудың жария жүйесін енгізу арқылы барынша мүдделі және белсенді болады. Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлықты экономикалық және бедел жағынан тиімсіз ететін жағдайлар жасауға бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат баршаның заң алдындагы теңдігі және әділдік, жариялылық, айқындық және қоғамға есеп беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын кешенді пайдалану, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығы, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, тиімділік пен нәтижелілік, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінде оны қабылдамау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы, сапалы цифрлық трансформация қағидаттарына негізделеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тәсілдері мынадай міндеттерді орындау арқылы іске асырылатын болады. Олар — сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін жою, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру. Бүгінде біз сөз еткен жоғарыдағы бағыттар бойынша елімізде кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, соңғы бірнеше жылдың ішінде қазынаның қаржысын жымқырған қаншама бұрынғы шенділер ұсталып, темір торға тоғытылды. Жасыратыны жоқ, олардың қылмысынан қоғамда ауқымды мәселелер туды. Дегенмен уақыт өткен сайын бұл мәселелер шешімін тауып келеді. Қолды болған мүліктер де мемлекетке қайтарылып жатыр.