ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ТАҚЫРЫПТЫ АРҚАУ ЕТКЕН ФОРУМ ӨТТІ
Гендерлік теңдің ұғымының қазақ қоғамында қаузалып келе жатқанына біршама уақыт болды. Жасыратыны жоқ, елімізде әйелдердің бизнеспен айналысуына барлық жағдайлар жасалған. Биліктің түрлі тармақтарында жұмыс істеп келе жатқан нәзік жандылардың да қатары артып келеді. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі нәзік жандылардың қатарын арттыру туралы бастама көтерген болатын. Сәйкесінше, аталған бағытта іске асып жатқан шаралар да аз емес. Қала берді, жергілікті атқарушы билік тарапынан да бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Ол қатарда Шымкент қаласы да бар. Жуырда біз сөз еткен тақырыпқа арқау болатын шара үшінші мегаполисте ұйымдастырылды. Бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…
Ашып айтсақ, Шымкентте Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Алтын Орда» қоғамдық қорының қолдауымен «Әйел. Қоғам. Саясат» жобасы аясында «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» тақырыбында әйелдер форумы өтті. Форумның мақсаты — қоғамдағы әйелдердің рөлі мен олардың өмірдің түрлі салаларына қосқан үлесін терең түсіну және бағалау. Әйелдердің қоғамдағы орнын көрсету, білім алу, кәсіпкерлік, саясат, ғылым, және өнер салаларында белсенді болуын қолдау арқылы жалпы қоғамның прогресін қамтамасыз ету және оларға қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндіру. Кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беру. Форумға «Перзент» балалар үйінің басшысы Әмина Қажы Әжібаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қоғам қайраткері, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Айтенова, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, №23 мектеп лицейдің директоры Тойлыбаева Жанар Жорақызы және 17-23 жас аралығындағы студент жастар қатысты. Аталмыш форум жаңа бастамаларды, әйелдердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жеке өсуі үшін жағдай жасауға арналған жалпы тәсілдерді әзірлеу үшін диалог алаңы болды. Мәселенің түйткілін көтеру мақсатында Меруерт Айтенова өзінің өмірлік тәжірибесінен әйелдерге қатысты біршама ойларымен бөлісіп, олардың қоғамдағы рөлін қайта қарастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол әйелдерге қатысты стереотиптерді бұзудың және олардың құқықтары мен еркіндіктерін кеңейтудің қажеттілігін алға тартты. Ал, Әмина қажы әйелдердің кәсіби және жеке өміріндегі табыстарын шектейтін ескірген көзқарастардан арылудың маңыздылығын жиі атап өтті. Сонымен қатар, әйелдердің ішкі әлеуетін ашып, оларды өз армандарына ұмтылуға шабыттандыруға шақырды. Жиынның соңында оқырмандар мен қонақтар арасында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Қатысушылар қозғалған мәселелер мен негізігі тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, ой бөлісті. Бірқатар оқырмандар әйелдер құқығы, гендерлік теңдік және қоғамдағы стереотиптер туралы пікірлерге ерекше қызығушылық танытты. Айта кету керек, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына экономика мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы қоғамның көрнекті өкілдері кіреді. Ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерді, бала тууға байланысты демалыстағы әйелдерді, сондай-ақ көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді әлеуметтік қорғау бойынша барынша мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіліп отыр. Бала туу және бала асырап алу кезінде біржолғы материалдық қолдау жүйесі, аналар мен әкелердің гендерлік теңдігін қамтамасыз ете отырып және күтуші ата-ананың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қосатын үлесіне қарай бір жасқа дейінгі бала күтімі кезінде отбасын материалдық қолдау жүйесі құрылды. Қазақстандық әйелдер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуда. Мәселен, бүгінде Қазақстан парламентінің төменгі палатасында әйелдердің үлесі 26,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 17,8%-дан аспаған. Саяси лауазымдарды 65 әйел атқарады. Олардың арасында агенттіктердің төрағалары, министрлер мен вице-министрлер, Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Төтенше және өкілетті елшілер, өңірлердің әкімдері мен әкімдер орынбасарлары және басқалар бар. Гендерлік теңдік стратегиясы аясында қабылданған кешенді гендерлік әдістерді енгізгелі 20 жылдан астам уақыт өтті және гендерлік мәселе бойынша жаңартылған саясат қабылдаған Қазақстан гендерлік теңдікті қолдайтынын көрсетіп келеді. Қазақстан гендерлік теңдікті заңға, саясат пен экономикаға және басқа салаларға енгізу процесін бастап кетті, осыған қатысты қабылданған шаралар әлеуметтік-экономикалық дамудың жалпы мақсатына жеткізетін кілт болмақ. Шымкент – гендерлік бағдарламаларды жиі іске асырып жүрген қалалардың бірі. Азаматтар теңдігі, соның ішінде гендерлік теңдік туралы Қазақстан Республикасы Конститутциясының 14-бабында жазылған. Қазір Қазақстан Республикасында құқықтық және саяси салада арнайы бағдарламалар қабылданған және іс жүзінде қолданылып жатыр; құқықтық сауат, заң саласында қолдау көрсету, гендерлік теңдікті ілгерілетуді көздейтін халықаралық құжаттар бекітілген. Осының бәрі ҚР үкіметі негізгі гендерлік мәселелерге ден қойғанын көрсетеді. БҰҰ-ға мүше елдердің халықаралық көрсеткіштеріне салсақ, Қазақстанның гендерлік теңдік көрсеткіші біршама жақсарған.