СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

75
0

Болашақ  бүгіннен  басталатыны баршамызға аян. Сондықтан  заманымыздың ертеңін жасайтын, жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеумен қатар, қазіргі қоғам дерті – жемқорлық пен сыбайластықтан таза тұлғаларды қалыптастыру бүгінгі  ұстаздардың басты назарындағы міндеттердің бірі. Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу-олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Ол тыйылмай елдің гүлденуі мүмкін емес. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан шаралар да аз емес.

Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың өте күрделі мәселе екенін бір емес бірнеше рет айтты. Нақтырағы, өз сөзінде «Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы  жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер  осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын» деген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында белсенді жүзеге асып келеді. Осы орайда, жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес генерал-майоры Қанат Сүлейменов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз брифингін өткізген болатын. Онда атқарылып жатқан жұмыстар жайы айтылды. Тарқатсақ,  Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйелі сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған 15 саланы қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің карталарын әзірледі. Білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамту, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол, бизнес, сейсмология, сот және полиция сияқты бағыттарды қамтыған бұл карталар алдын алу және жедел тергеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жер учаскелерін беру мен алу мәселесі ерекше бақылауға алынған. 2020-2024 жылдар аралығында Шымкент әкімдігі 28 млрд теңге сомасына 269 гектар аумақтағы 1 541 учаскені мемлекет мұқтажы үшін сатып алды. Сонымен қатар, 5 717 гектар аумақтағы 4 579 учаскені алу туралы шешім шығарылған. Алайда бұл шешімдердің 3 мыңнан астамы әлі орындалмаған. Талданған мәліметтер көрсеткендей, мұндай кідірістер жер учаскелерінің қымбаттауы, меншік иелерінің өзгеруі және шұғыл сатып алу қажеттілігіне байланысты туындаған. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жер қатынастарындағы процестерді цифрландыруды, арнайы онлайн-тізілім құруды және халық пен бизнеске оған қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды. Бұл шаралар жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ Шымкент қаласының әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Шымкент қаласында құрылыс және инфрақұрылым салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Құрылыс басқармасы соңғы алты жылда жалпы құны 154 млрд теңгені құрайтын 193 көпқабатты тұрғын үй салып, осы жобалар бойынша мердігерлерге бес жылдық кепілдік мерзімін бекіткен.  Алайда мониторинг нәтижесінде өңірлерде құрылыс жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімдерінің әртүрлі екені анықталды – 2 жылдан 10 жылға дейін өзгеруі мүмкін. Осыған байланысты Департаменттің ұсынысымен құрылыс және жол салаларындағы кепілдік мерзімін ұлғайту бойынша шешім қабылданды. Енді мемлекеттік сатып алу шарттарында кепілдік мерзімі 84 айға, яғни 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған. Департамент жүргізген талдау барысында Қонаев даңғылының жалғасын салу бойынша жобаның құнын арттыру тәуекелі анықталған болатын. Әкімдікке ескерту хаты жіберілгеннен кейін, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді.  Нәтижесінде 3,2 млрд теңге көлемінде артық шығындардың алды алынып, қаражат үнемделген. Бағаны көтеру тәуекелдеріне жол бермеу үшін Департамент мемлекеттік сатып алуларға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Тек биылдың өзінде бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген. Мұндай бақылау шаралары мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына және құрылыс саласындағы заңсыз әрекеттердің азаюына ықпал етуде. Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін енгізілген 34 ұсынымның 19-ы қазіргі уақытта ішінара орындалуда. Ауыр атлетика, жекпе-жек және басқа спорт түрлері ұйымдарының 19 жаттықтырушысы мен 13 әдіскерінің жалған құжаттар негізінде алған «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы» және «Біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты әдіскер» атақтарының күші жойылды. Негізсіз үстемеақылар үшін бюджетке 1,9 млн теңге қайтарылды. Сонымен қатар, бюджеттік спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны есептеуде бірнеше кемшіліктер анықталды. Құқықтық актілердегі олқылықтар, жаттығу процесін қамтамасыз ету үшін қосымша ақыны өз бетінше есептеу мүмкіндігі негізсіз жоғары үстемеақылардың қалыптасуына ықпал еткен. Бірқатар спорт мекемелерінде жалақыға қосымша ақы 500%-дан асатын жағдайлар орын алған. Әкімшілік-басқару персоналына да үстемеақы есептеледі. Оқу процесіне қосымша ақылар спорт мектебі директорларының жүргізушілеріне, коменданттарға, референттерге, мұрағатшылар мен от жағушыларға тағайындалған. Осы тұрғыдағы жалпы сомасы 15,5 млн теңгеге 16 факті анықталып, 13,3 млн теңге бюджетке қайтарылған. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойған болатын. Президент қол қойған заңдар тізімінде вандализм, ит тұқымдары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыптары бар. Оның ішінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.  Заңмен мемлекет басшысының биыл 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы тапсырмалары іске асырылды. Жаңа енгізілімге сәйкес ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған тұлғаларға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Бұл – қылмысты әлеуметтік осал азаматтар санатына жататын тұлғалар жасағанда және сотталғандар ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындаған жағдайда қолданылмайды. Парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталған жемқорларды жазасын өтеуге бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу мүмкіндігі тоқтатылды. Енді жемқорлар қауіпсіздігі барынша төмен колонияға ауысу үшін үлгілі тәртіп көрсетіп, залалды өтеп қана қоймай, тағайындалған жазаның бір бөлігін жабық түзеу мекемелерінде өтеуі тиіс. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Біршама қатаң жаза олардың ерекше өкілеттіктерімен байланысты. Пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулер енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктерде шоттар  ашуға және иеленуге тыйым салынды. Енді лауазымға тағайындалу кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға жарты жыл беріледі. Ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай берілетін болады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің шетелдік банктерде шоттарының болуына құқық беретін жағдайлар айқындалды. Олардың қатарына шетелде жұмыс істеу, оқу, тағылымдамадан өту, іссапарға бару, емделу немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болу жатады.