ӘЛЕУМЕТТІК САЛА — ҚОҒАМ ҮШІН МАҢЫЗДЫ САЛАНЫҢ БІРІ

74
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. Нақтырағы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген болатын ел Президенті.

Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бойынша елімізде бірқатар бастамалар көтерілген. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын белгілі бір салада қызмет ететін азаматтарға арналған атаулы даталар бар. Оның ішінде қазан айында бірқатар сала өкілдерінің күні аталып өтеді. Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі — әлеуметтік сала қызметкерлері болып бекітілген.Мерекеге орай, Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынның алдында, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қаламыздағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін №1 ,2,5 және 6 орталығына микроавтобустың кілтін табыстады. Бұған дейін микроавтобустың тапшылығын көрген мекемелер ендігі уақытта бұл кемшіліктің орны жойылды деп қуануда. «Біздің міндет 1 жарым жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға қызмет көрсетеміз. Бүгінгі дейін газель автокөлігімен жұмыс жүргізілген еді. Қала әкімінің қолдауымен мерекеге орай жаңа микроавтобустардың кілті табысталды» дейді №5 Аяулы алақан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Серік Бабақұлов. Сондай-ақ, келушілер әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алушы ерекше жандардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарынан жасалған көрмені тамашалады.  Салтанатты жиында Қуаныш Жұмабекұлы әлеуметтік сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. «Сіздер күн сайын қаламыздағы көмекке мұқтаж, ерекше жандарға қол ұшын беріп, олардың өміріне жарық, мейірім, сенім сыйлайсыздар. Ауыр кезеңдерде сіздердің жұмыстарыңыздың маңызы зор. Әлеуметтік қызмет — тек қызмет емес, үлкен адамгершілік миссия. Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген Сіздердің әрбіріңіз құрметке лайықсыздар» — деген қала әкімінің бірінші орынбасары салада табысты еңбек етіп келе жатқан бір топ қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеумкттік қорғау министрі мен қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.  Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға қызмет көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерде кәсіби біліммен қатар адамгершілік, мейірімділік секілді асыл қасиеттердің болуы маңызды екенін атап өтті. Мәслихат төрағасы саланың бір топ майталмандарын марапаттады. Жиынға келген қонақтар концерттік бағдарламада «Мәдениет үйінің» өнерпаздарының өнерін тамашалады. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытына айрықша басымдық беріп отыр. Оны әрбір сұхбатында тілге тиек етіп келе жатқаны да белгілі. Президент тапсырмасын жүзеге асыру бағытында еліміздің әр өңірінде игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Бүгінде статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысымен қаламызда экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 448,5 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраған. Осы орайда, тұрғындардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың табысын арттырудың бірден бір жолы – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасының іске асырылуы және қаламызда құрылған жұмыс орындарына азаматтардың жұмысқа жолдануы екені айдан-анық. Бұл бағыт бойынша өткен жылы 57,2 мың азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Оның ішінде 33500 адам 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы бойынша болса, 23,7 мың адам – қалада іске асырылып отырған ұлттық жобалар және жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындары негізінде. Жоспар толығымен жүзеге асқан. Бүгінде мемлекетіміздің ұстанып отырған әлеуметтік саясаты – халықты масылдықтан арылтып, кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу. Бұл бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету — біздің сөзсіз басымдықтарымыздың бірі» дей келе жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5% жеңілдетілген шағын несиелендірудің жеке тетігі іске қосылатындығын атап айтқан болатын.  Осы ретте, Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланып, оған республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Шағын несие өндірісті дамытуға және өнім шығаруға арналған кәсіпкерлік бағытына 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласына 7 жылға 5 млн теңгеге дейін берілетін болады. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында «Агронесие корпорациясы» АҚ және жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арасында тапсырма шарт түзілген.