ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ КӨРІНІСІНЕ ҚАРСЫ ІС ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан қаласында діни экстремизм мен терроризм көріністерін болдырмау, көші-қон арналарындағы ықтимал қауіпті шетелдіктерді анықтау, сондай-ақ олардың тарапынан орын алатын қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Осы ретте «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында дөңгелек үстелдер өткізілді.

Мәселен, «Дін мәселелері және діни экстремизмге қарсы күрес» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зікірия Жандарбек, «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері, оқу ісінің үздігі Зағира Әбенқызы, қаланың бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев, облыстық Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директор орынбасары Медет Халықов, Түркістан қалалық жастар ресурстық орталығының теолог маманы Бахауддин Бахритдинұлы діни экстремизмге байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп, қазақтың дәстүрлі діни танымын насихаттады.

Ал Түркістан қаласында облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни экстремизм мен терроризмге қарсы қауіпті шетелдіктерді анықтау қағидаларын түсіндіру, сондай-ақ жедел-іздестіру шараларын жүргізу бойынша оқу сабақтарын өткізді. Ол іс-шараға қатысушылар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, түрлі қауіптер туындаған кездегі іс-қимылдардың негізгі әдістерін талқылады. Діни экстремизмге тиімді қарсы тұруға көмектесетін теориялық қана емес, практикалық дағдылар көрсетілді.

Бұл сабақтар экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Жұмаділдаевтың басшылығымен көші-қон, криминалдық полиция және жергілікті полиция қызметінің жауапты қызметкерлерінің, сондай-ақ қалалық және аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің қатысуымен өткізілген еді.

— Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті құзырет шегінде экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы  Министрліктің міндеттерін ұйымдастыратын және іске асыратын Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлінісі болып табылады. Бізге жүктелген функциялар, атап айтсақ, олар: экстремизм мен терроризмге қарсы күресті ұйымдастыру; діни қатынастар мен діни қызмет, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы жағдайды құзыреті шегінде мониторингілеу және бағалау; террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жай-күйіне бақылауды ұйымдастыру; діни іс-қимыл және діни қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды ұйымдастыру; экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша бөліністің ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз ету және жетілдіру; қылмыстық озбырлықтардан азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау; Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастық, — деп экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Жұмаділдаев өз міндетімен таныстырып өтті.

Жалпы биыл бұл бағытта жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының және ҰҚКД қызметкерлері экстремистік сипаттағы материалдарды Түркістан қаласында таратқан бір күдікті ұсталған. Діни экстремизмнің жақтаушысы Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Ол әлеуметтік желі арқылы радикалды уағызшылардың бейнероликтері мен терроризм идеологиясын насихаттайтын материалдарды таратқаны анықталды. Күдіктінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер діни бағыттағы 300-ге жуық кітапты, ноутбукты және басқа да заттай дәлелдемелерді тауып, тәркілеп, үстінен қылмыстық іс қозғады. Күдікті бүгінгі таңда тергеу изоляторына қамалған. Ал былтырлары жүргізілген рейдтік іс-шара барысында экстремистік құқық бұзушылықтың алты дерегі бойынша 428 діни әдебиет алынған. Жергілікті құрылымдармен деструктивті діни ағымдарының ұстанушылары жасаған жалпы 846 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шара қолданылған.

Бүгінгі күні Түркістан қаласындағы мектеп оқушыларына жылына екі рет этносератаизм мен экстремизмге қарсы нұсқаулықтар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары таныстырып отырады. «Терроризм мен экстремизмнің алдын алу және ескерту шаралары» дөңгелек үстел, «Діни экстремизмнің әлемдік қауіп-қатері» баяндама «Қазіргі діни ұйымдар», «Діни экстремизм деген не?», «Адастырушы діни ағымдар», т.б. тақырыптарда ашық әңгіме мен тәрбие сағаттары өткізілуде. Әр өткізілген іс-шарада оқушылар арасында қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға байланысты сұрақтар қаралып талқыланды. Оқушыларға «Хиджаб, паранжа, қысқа балақты шалбар кию, сақал қою» мәселелері түсіндірілді. Дүние жүзінде діндердің таралуы бойынша біраз мәліметтер берілді. Қала бойынша бұл бағытта, заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы бұйрықтар шығарылды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілген.