BASTAU TALKS: ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕТАСЫ

Түркістанда “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “BASTAU Talks” қоғамдық лекциясы аясында Астана қаласы, ҚМДБ-ның “Ырыскелді қажы” мешітінің Бас имамы, теолог, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы және “Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің директоры Медет Мұзапбарұлы Түркістан қаласының жастарымен кездесті.
Кездесу мақсаты — жастарға тәлім-тәрбие, рухани бағыт-бағдар беру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, өскелең ұрпақты белсенді және жауапты азамат етіп қалыптастыру. Сонымен қатар, дүниетанымы, өзіндік көзқарасы қалыптасқан саналы азамат етіп тәрбиелеу, өз елінің дамуына үлес қосу арқылы отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Сержанұлы модераторлық етті.
Кездесу барысында спикерлер бірқатар келелі мәселелерді қозғап, жастардың қызығушылығын тудыратын өзекті тақырыптарда әңгіме өрбітті. Кездесуден кейін қатысушылармен сұрақ-жауап алмасып, жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, спикерлерден нақты жауаптар алды.
«Жастық кезең – тап-таза ақ парақ сияқты, оған нені таңбалайсыз, тағылымды содан алады. Сондықтан бала тәрбиесін отбасынан бастауымыз керек. Біздің кезімізде үлкендер «ұят болады», «обал болады», «қиянат қылма» деген сөзбен тәрбие бере білді. Бүгінде ақпараттар майданында аталы сөзді саралап, санаға сіңіру үлкен-кішіге бірдей оңай тиіп тұрған жоқ. Ұрпағымызды ұлттық құндылықтарымызға баули білсек рухы биік ұл-қыз өсіп шығады. Жалпы, аудан жастарының имандылыққа бет бұруы жаман емес. Мешітке келуші жамағаттың басым көпшілігі жастар деп айтса қате болмас. Барлығы дерлік ата-әже мектебінен өткен обал-сауапты білетін ойлы да, орнықты парасатымен қуантады. Десе де, кей жастарымыз дінге қатысты сауал туындағанда жергілікті имамдардын сұрағаннан көрі, қолындағы сматфоннан іздеп, ондағы ақпараттар дұрыс не бұрыстығына бас ауыртып жатпайтыны қынжылтады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының немесе Дін зерттеу орталығы мамандарының діни курстарын немесе уағыздарын тыңдаса талас жоқ. Өзі кім екені белгісіз, кез-келген аудиторияны пайдаланып елге сөз арнайтын экстремистік сипаттағы топтардың таспалары желілерде желдей есіп жүр. Солардың қармағына түскен қарғадай жастар діни білімнің аздығынан ақпаратты шынайы қабылдап, арты адасуға әкеліп соғуда. Көп жағдайда атаанасының қарауынсыз қалған немесе толық отбасынан шықпаған жастың жылулықты аңсаған көңілі көлденең көк аттыға шатылуы айтпаса да түсінікті. Ата-ана таңнан қара кешке дейін бейнетке жегіліп, баласының тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуінен адал мен арамды, жақсы мен жаманды ажырата білмейтін жеткіншек көшедегі жат ағымның тұзағына оп-оңай тұтылары кәміл»,-деді жиынға қатысушылар.
“BASTAU Talks” қоғамдық лекциясы – жастар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл жоба көптеген жетістікке жеткен білікті тұлғалардың өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолын жастарға үлгі етк отырып, мотивация беріп, дамыту, тың ақпарат алуға бағытталған. Жастар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі олар қоғамның болашағын қалыптастыратын жаңа буын.