ЖАЛПЫ ҰЗЫНДЫҒЫ 351 ШАҚЫРЫМДЫ ҚҰРАЙТЫН 187 ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкентте жол жөндеу жұмыстарының қарқын алғаны белгілі. Күні бүгінге дейін үшінші мегаполиске қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерінің сапасы жақсарды. Жүйелі жұмыстардың арқасында мыңдаған тұрғынның толғақты мәселесі шешімін тапты. Өз кезегінде, атқарылған жұмыстардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі тексеріп, орын алған олқылықтар дер кезінде түзетілді. Қазіргі таңда қала аумағында көлік инфрақұрылымы жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.

Жалпы ұзындығы 351 шақырымды құрайтын 187 жолдың құрылыс жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 98 шақырымды құраған болса, қазіргі кезде көлік инфрақұрылым көрсеткіші 3,6 (358 %) есеге ұлғайған.  Биылғы жылы Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелері қиылысындағы жолайрықта құрылыс жұмытсары аяқталып, көлік қозғалысы үшін пайдалануға берілді. Арғынбеков пен Бәйдібек би көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысы қарқын алған. Бүгінде қала аумағындағы сапалы жолдардың көрсеткіші 67,4 пайызды құрайды. Аталған межені 2025 жылға қарай 79 пайызға дейін жеткізу көзделген. Атап айтар болсақ, қала аумағында 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 айналма жолын қайта құру жұмыстары, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жоспарланған. Айта кету керек, биыл Әл-Фараби ауданында 16,9 шақырымды құрайтын 30 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 12,9 шақырымдық 33 көшеге шағал тас төселуде. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызға жуығы орындалды. Ауданда жалпы саны 404 көше бар. Биылға 30 көшені пайдалануға беруді жоспарлаған. 2023-2024 жылдар аралығында 19,6 шақырымды құрайтын 48 көше асфальтталатын болады. Сондай-ақ аудан бойынша жол саласының күрделі және орташа жөндеу жұмыстары алдағы 2 жылда 100 пайызға аяқталады. Жалпы Әл-Фараби ауданында былтыр 362 шақырымды құрайтын 5 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 13 көшеге шағал тас төселді.