ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ҰЖЫМЫ БАРНАУЛДА ӨТЕТІН ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСАДЫ
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биылғы жаңа маусымын ерекше қойылымдармен бастап, репертуарын байыта түспек. Түркістан облысының мәдени өмірінде ерекше орын алатын бұл театр сахнасында көптеген танымал шығармалар қойылып, көрермендерді қазақ өнерінің көркемдік биігімен таныстыруға ықпал етуде. Жаңа маусым қарсаңында театр ұжымы орыс жазушысы Василий Шукшиннің 6 прозалық шығармасынан тұратын «Ауыл әңгімелері» спектаклін сахнаға шығарып, көрермендерге тың туындыны ұсынуға дайындалуда. Бұл шығармалар орыс әдебиетінің алтын қорына енген, ауыл өмірінің шынайы көрінісін көрсететін дүниелер болып табылады, — деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Ағымдағы жылдың 20-21 қыркүйек күндері өтетін қойылымның премьерасына театр ұжымы қазіргі таңда қызу дайындық жүргізіп жатыр. Жаңа маусымның ашылуы қарсаңында өткен баспасөз конференциясында театрдың көркемдік жетекшісі Арман Алиев театрдың шығармашылық жоспарлары мен алдағы фестивальдер туралы кеңінен баяндап берді. Оның айтуынша, театр ұжымы «Ауыл әңгімелері» қойылымымен Ресейдің Барнаул қаласында өтетін «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатыспақ. Бұл фестиваль жазушы Василий Шукшиннің 95 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Қыркүйек айының 18-27 аралығында өтетін фестивальге Ресейдің және басқа да шетелдік театрлар қатысады. Түркістан театрының бұл фестивальге қатысуы қазақ театр өнерінің әлемдік аренада өз орнын айқындап, мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Қойылымның режиссері Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі, талантты режиссер Фархадбек Қанафин. Оның қолынан шыққан спектакльдер әрқашан көрерменнің ықыласына бөленіп, терең ой салады.
Пресс-конференция барысында театр актерлары да өз пікірлерін білдіріп, жаңа маусымдағы жоспарларымен бөлісті. Журналистермен және зиялы қауым өкілдерімен өткен бұл кездесуде актерлар театр тынысы туралы айтып, тарихи қойылымдар жайында сыр шертті. Сонымен қатар, баспасөз жиынына келген қонақтар театр жанынан ашылған Райымбек Сейтметов мұражай үйіне шақырылып, театрдың 25 жылдық тарихын қамтитын құнды жәдігерлер мен алған марапаттарын көрме ретінде тамашалады. Мұражайда театрдың тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мен фотосуреттер, актерлардың сахна киімдері мен қолданыстағы реквизиттер қойылған. Бұл жәдігерлер қазақ театр өнерінің дамуын айқындап, оның тарихын жас ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театрдың алғашқы қадамдары қиындықтарға толы болғанымен, ұжым әрдайым ізденіс үстінде болды. Театрдың ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық артисі Райымбек Сейтметов. Ол өзінің қажырлы еңбегімен және шығармашылыққа деген адалдығымен театрдың негізін қалауға және оны дамытуға үлкен үлес қосты. Театр 2002 жылы музыкалық-драма театр болып қайта құрылып, өзінің репертуарын байытты. Ал 2017 жылы театрға мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Райымбек Сейтметовтің есімі беріліп, оның мұрасына адалдық пен құрметтің белгісі ретінде есте қалды.
Театр ұжымы гастрольдік сапарлармен де белсенді түрде айналысады. Олар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркияда өнер көрсетіп, қазақ өнерін кеңінен танытып келеді. Түркиядағы өнер сапарларының бірі – Бахтияр Вахапзаденің «Небесные тюрки» драмасымен қатысқан «Еуропа бірлігі» театр фестивалі. Бұл сапарда театр ұжымы түрік көрермендерінің жүрегін жаулап, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен тарихын сахна тілімен жеткізе білді. Түрік тарапынан жасалған өтінішке орай, қойылым түрік тілінде сахналанып, Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді. Бұл қазақ өнерінің шекаралардан тысқары шығып, әлемдік мәдени кеңістікте өз орнын алуға деген талпынысының айқын көрінісі болды.
Театр ұжымы жаңа маусымда да шығармашылық ізденістерін жалғастырып, көрермендерді жаңа және қызықты қойылымдармен қуантуды мақсат етіп отыр. Мерейлі маусымға арналған репертуар тек ұлттық драматургиямен ғана емес, сонымен қатар шетелдік классиктер мен заманауи авторлардың да шығармаларымен толықтырылмақ. Бұл театрдың ұжымы өз өнерін әртараптандырып, әлемдік театр өнерінің үздік үлгілерін қазақ сахнасында көрсетуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Түркістан қаласының сазды-драма театрының биылғы маусымда жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары тек театр сүйер қауымның ғана емес, жалпы мәдениет пен өнерге жақын жандардың назарын аудармақ. Театр ұжымының шығармашылық белсенділігі мен ізденістері Қазақстанның мәдени өміріне жаңа леп әкеліп, көрермендердің рухани әлемін байыта түседі.