ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРУ ТОҚТАТЫЛАДЫ?

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова декреттегі аналар табыс тапса, баланың 1,5 жасына дейін берілетін төлем неге тоқтатылатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, сақтандыру жүйесі бала күтіміне байланысты ата-ананың жоғалған табысын өтейді.

– Заңда дәл осылай көрсетілген. Осыған байланысты, сәбидің анасы немесе әкесі баланы күту үшін үйде отырып, бұрынғы табысын алмаса, оған жалақысының 40%-ы көлемінде өтемақы төленеді. Егер ол жұмысқа шықса және жалақы алса, бұл жағдайда, заңға сәйкес, еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға байланысты төлемдер тоқтатылады, — деді Т.Дүйсенова Үкімет үйіндегі брифингте.

Дегенмен, Т.Дүйсенова елімізде бала туғанда берілетін, күтімі үшін берілетін түрлі жәрдемақы бар екенін атап өтті.

– Көпбалалы отбасы болса, бұл төлемдер тоқтатылмайды және әрі қарай төленеді. Біз ата-аналарды қолдау ретінде, егер олар жұмыс істеп, табысын сақтап қалса, оларды басқа көздерден – республикалық және жергілікті бюджеттен төленетін басқа жәрдемақылар арқылы ынталандырамыз, — деді Т.Дүйсенова.