ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘУЕЖАЙДЫҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

30
0
Түркістан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту мәселелері талқыланды. Өңір басшысы жауапы басқарма басшысы мен әуежай басшылығына жаңа рейтер ашу, әуежайдың әлеуетін көтеру жөнінде тапсырмалар берді.
– Түркістанның халықаралық әуежайын дамыту жолдарын толық зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Инвесторларды да жан-жақты зерттеп, тиімді әріптестік орнатқан жөн. Облыстың туризмін, көлік саласын және әуежайды дамытатын келісімдерге ғана қолдау көрсетеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев авиация саласын дамыту жолдары мен өзекті мәселелері туралы ой қозғады. Бүгінде бірнеше әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Ішкі және халықаралық рейстердің санын көбейту көзделіп отыр.
Айта кетейік, ішкі туризмді дамыту мақсатында Қостанай –Түркістан және Қарағанды – Түркістан бағыттары бойынша Түркістанға субсидияланатын әуе рейстері ашылады. QAZAQ AIR әуе компаниясы әуе сапарларының қолжетімділігін арттыру және ішкі туризмді дамыту мақсатында 4 қаңтардан бастап Қостанай – Түркістан бағыты бойынша рейсті іске қосты. 13 қаңтардан бастап Қарағанды – Түркістан бағыты бойынша да әуе рейсі ашылмақ. Сондай-ақ 13 қаңтардан бастап Астанадан Түркістанға әуе сапарларын бастау жоспарланған.