«Ордабасы» оңбай сүрінді

376
0

Биылғы чемпионаттық алғашқы ойынын өз алаңында өткізіп, оңбай сүрінген «Ордабасыдан» дәл мұндай сүреңсіздікті күткен жоқ едік. Мыңдаған жанкүйерін жерге қаратқан  осы матч басталысымен-ақ «Ордабасылықтар» тап бір, шаршап-шалдығып, әбден болдырған жандардай допты еріне теуіп, қорғанысты қымтаудың орнына, ашып тастады.

Алғашқы таймда-ақ ойын тәртібін жиі бұзған «Ордабасылықтарға» ескерту беріліп, бір ойыншысы алаңнан да қуылды. Жерлестерміздің жиі-жиі қателескендерін пайдаланған «Ертіс» командасының ойыншылары өз қақпаларына кірген жалғыз допқа қарымта ретінде 3 гол соғып, жігерімізді құм етті. Әсіресе, қорғанысы әлсіз «Ордабасы» «Ертіс» соққан бірінші және екінші голдарға ешқандай уәж, дәлел айта алмастары анық. Үшінші гол да қорғаныстағы ойыншылардың қателігімен 11 метрліктен соғылып, «Ордабасының» қақпасында тулап жатты. «Ертіске» қарсы ешқандай қарсылық көрсете алмай, пұшайман болған шымкенттік футболшылардың өз алаңдарында жерлестерінің көздерін жер шұқытқан сүреңсіз ойыны 1:3 есебімен «Ертістің» пайдасына шешілді.
Осыған бола жүйкемді жұқартып не қылайын десем де, осы күні «Қайрат» пен «Жетісу» командаларының ойындарын теледидардан тамашаладым. 90 минут бойы жан берісіп, жан алысқан ойыншылардың шеберліктеріне тәнті бола отырып, бұлардың қасында әлгінде ғана көрген «Ордабасының» ойыны әншейін, ауыл балаларының ермегіне ұқсап кетті. Жылда өз командамыздан жетістік күтіп, әр ойынын құр жібермеуге тырыссақ та, «Орбадасының» ойыны ешбір оңалмай-ақ қойды. Мұның басты себебі, Оңтүстік өңірінде жөні түзу доп тебетін қазақтың баласы табылмағандай, сырттан шақырылатын футболшылардың намыссыздығынан екені анық. Әйтпесе, қыруар қаржы бөлініп, оқытылып жатқан балғын аяқдопшылардан әлі күнге жүзден жүйрік болар футболшы шықпағаны қандай өкінішті әрі таңқаларлық. Асыға күткен алғашқы ойынымыз осылайша ойымызды сан-саққа жүгіртіп, жеңіліспен басталған. «Ордабасының» сәтсіз қадамы түзеліп кетерін де, кетпесін де білмей қалдық.

Е.СӘРСЕНБИН.