ЖЕТКІНШЕКТЕР ТӘРБИЕСІНЕ ЖЕТЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕН ЖӨН

269
0

Имандылық, ар-ұят тәрізді асыл қасиеттер аяқ асты болмаған кездің өзінде-ақ: «Қорқамын кейінгі жас балалардан», — деп уайым жеген хакім Абай Алла тағаланың құдіретімен біздің бүгінгі кезеңге оралып, жасөспірімдеріміздің бүгінгі өмір тіршілігіне жете үңілер болса, қандай күйді бастан өткерер еді? Сірә, «Бездім, сендерден, бездім» дейтін болар. Неге десеңіз, бүгіндері жеткіншектердің қылмыс жасауы тансық болудан да қалып бара жатыр. Мұндай сорымызды қайнатқан сорақылыққа көзіміздің еті өліп, құлағымыздың қанық болғаны соншалық, селт етпейтін де болдық. Тіпті, «Солай болуы тиісті де» дейтін халге жеткендейміз. Япыр-ай, біздің мұнымыз шектен шыққан қатыгездік емес пе? Неге соншама тасбауыр болып кеткенбіз? Біз көз-жасымызды көл етіп алға тартып отырған осынау қалыптың айна қатесіз ақиқат екендігіне мына деректер де анық дәлел болады деп білеміз. 2009 жылы кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыс 5 мыңға жеткен. Олардың  1,2 ауыр және аса ауыр қылмыстар қатарына жатады. Бұл мәліметтер өмір шындығымен сәйкес келе бермейтіндігін де ескерте кеткіміз келеді. Өйткені, алыс ауылдарда жасалынып жататын үлкенді-кішілі құқық бұзушылық әрекеттердің тіркеле бермейтіні де жасырын емес. Ал енді өз облысымызға қарата айтар болсақ, 2010 жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 72-ге жетсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 52 болған. Осы 52 қылмыстық істің ішіндегі «аса айтулысы» деп Шымкент қаласындағы № 39, №46,№65 мектептерде болған құқық бұзушылықты бөле айтқымыз келеді. Өйткені, аталмыш білім ордаларында орын алған жайттар тәрбие мәселесінің  тым осалданып кеткендігін көрсетіп берді.
Мінеки, алға тартқан осы бір қысқаша мәліметтердің өзі-ақ біздің текке «шырылдап» отырмағандығымызды айғақтай түседі деп білеміз. Ендеше, «Үмітімнің шырағы жаным балам» деп перзентіне сенім артқан ардақты ағайын, еліміздің ертеңі жеткіншектер тәрбиесіне тереңірек мән берелік. Бұл тұрғыда барша қоғам болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білсек, ұтылмасымыз анық.

Әзіз РАСУЛ.