Марченконың мұнысын қалай түсінсек екен?

326
0

Қазыкем айтқандай: «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегеніміз сірә осы болар? Еліміздің бас банкирі «Жерден жеті қоян тапқандайын»: «Әйел кісілер зейнеткерлікке 63- жасқа толғаннан кейін шығатын болсын», — деп бастама көтергенін білеміз.

Қалың қауымға тигізген әсері бомбаның жарылысынан бір мысқал да кем болмаған осынау «бағалы» бастамасын ортаға саларда Г.А.Марченко қандай негіздемелерге арқа сүйеді екен? Оның мұнысы өркениеттілік үдерістерінің талабына сай ма? Бізді мәселенің осы жақтары айрықша қызықтырады-ақ. Осы тұста өзіміз сын тезіне алып отырған аталмыш  мәселеге тікелей қатысы бар, мұнан 20 жыл бұрын орын алған тарихи оқиғаға тоқтала кеткіміз келіп отыр. Сол бір тәуелсіздіктің елең-алаң шағында күні кешелері КСРО атты алып империяның аясында болып келген республика басшылары Алматы қаласында бас қосқан еді. Осынау алқалы жиында ТМД азаматтарының құқықтары мен өмірлік мүдделері туралы ортақ мәмілеге негіздеме қаланған-тын. «Алматы декларациясы» деген атпен тарихқа енген бұл құжатта азаматтардың зейнеткерлікке шығу жолы белгіленіп, зейнетақымен қамтамасыз етілетіндігі де айқындалған болатын. Енді бүгін ТМД басшыларының бірауыздылық таныта отырып, ортақ пікірге табан тіреулерінің нәтижесінде өмірден өз орнын тапқан заңнамалық осы бір құжатқа Марченко мырза әй-шәйға қарамай, түзету енгізе  салмақшы. Оның мұнысын дүниеге перзент әкеліп, оны өсіріп, тәрбиелеумен қатар, қоғамдық еңбекке де белсене араласатын нәзік жандылардың қадір-қасиетін жете бағаламау деп білеміз. Марченко жасы ұлғайған әйел кісінің міндеті әлімсақтан немере, шөбере тәрбиелеу болып келгендігін жадынан шығарып алғандай. Бас банкиріміздің «өрт қойғандай» болған кезекті әрекетіне орай айтқымыз келгені осы еді.

Б.ҚОЖАМҚҰЛОВ.