ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

35
0
Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Денсаулық – өмір негізі» атты дәстүрлі жәрмеңке өтті. Ауқымды шарада табиғи емдік өнімдер, медициналық құрылғылар, шипажайлар мен медицина орталықтарының қызметтері ұсынылды. Сондай-ақ, келушілерге отандық косметикалық өнімдер мен денсаулыққа пайдалы тауарлар кеңінен таныстырылды.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласындағы медицина мекемелері мен табиғи өнім өндіруші кәсіпорындар ғана емес, Тибет, Қытай, Корея, Германия елдерінен келген заманауи технологиялармен дайындалған табиғи таза өнімдер жасайтын компаниялар қатысты. Олар халыққа өз өнімдері мен қызметтерін таныстырып, сату мүмкіндігін пайдаланды. Мұнда келушілер табиғи шөптерден жасалған дәрілік өнімдер мен дәрумендер туралы ақпарат алып, медициналық орталықтар мен шипажайлардың қызметтерімен танысты. Сонымен қатар, сапалы отандық косметика өнімдерін сынап көріп, денсаулыққа пайдалы құрал-жабдықтар мен медициналық құрылғылардың жұмысын бақылады.
Жәрмеңке – тек тұтынушылар үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де үлкен мүмкіндік. Олар халықпен тікелей байланысып, өз өнімдерін таныстырып, тұтынушылар санын арттыруға мүмкіндік алды.
Дәстүрге айналған бұл шара биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты – халыққа сапалы медициналық қызметтер мен табиғи өнімдерді ұсыну және отандық кәсіпкерлердің жұмысын қолдау.
Жәрмеңке барысында келушілер үшін арнайы ұтыс ойыны ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар ойнатылуда. Шара тек 1 күн ғана өтеді. Денсаулыққа пайдалы өнімдер мен қызметтерді Шымкент қаласындағы Көрме орталығынан табуға болады.