БИЫЛ ДА КАРТОП БАҒАСЫ ШАРЫҚТАЙ МА?

2025 жылы былтырғыдай картоп тапшылығы болмайды. Ол үшін арнайы шаралар қабылданып жатыр.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

— Жалпы, былтыр картоп шығымы жақсы болды: 600 мың тоннаға жуығы экспортталды. Ал енді импорттың көлемі 60 мың тонна, экспорттың 10 пайызы ғана. Болған жағдайға байланысты картоп салу көлемін 9 мың гектарға көбейтіп жатырмыз. Сондықтан биыл ондай жағдай болмайды деп ойлаймын, — деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министр картопты сақтау да өзекті мәселе екенін атап өтті.

— Картопты сақтау мәселесі де өзекті. Қазіргі таңда біз картоп сақтайтын орындарды салып жатырмыз, ол бойынша арнайы жол картасы бар және индикаторлар белгіленген. «Солтүстік» тәжірибесі бойынша 2,5 пайызға кредит алып, мұндай сақтау қоймалары салынып жатыр. Жеке кәсіпкер өнімін сақтай алмай жатса, бізге хабарласады. Біз оларға көмектесеміз, — деді Айдарбек Сапаров.