БЫЛТЫР КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ 81 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Осы оқу жылында 550 мыңнан астам студент колледжде білім алып жатыр. Орта арнаулы білім туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді.

— 2024–2025 оқу жылында колледждерде 550 мыңнан астам студент білім алды, 173 мың студент оқуын аяқтап жатыр. Оның 123 мыңы жұмысшы біліктілігі бойынша, ал 27 мыңы дуальді оқыту аясында, 10 мың студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша бітірді. Жыл сайын колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өсіп жатыр: 2024 жылы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге және колледждердің бизнеспен өзара іс-қимылына аса назар аударылып жатыр, — деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

Оқу жылының қорытындысы бойынша шефтік көмек көрсететін кәсіпорындардың саны 7 есе артты. Бүгінде 4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге шефтік көмек көрсетуді бастады (өткен жылдың қорытындысы бойынша 412 колледжге 558 кәсіпорын).

— Биыл мектептерде алғаш рет «кәсіби бағдарлаушы» лауазымы ресми бекітілді. 905 жоғары сынып оқушысы жалпы білім туралы аттестатпен қатар, жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алады. 2,5 млн мектеп оқушысы кәсіби бағдарлаушы шараларымен қамтылды. 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді. Бизнес өкілдері 8 мыңнан астам білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысты, — деп толықтырды ведомство басшысы.